Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуге тиіс – Смайылов

© Photo : СС0 / edarБухгалтер
Бухгалтер - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуге тиіс. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов батыс өңірлердің кәсіпкерлерімен кездесуінде айтты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Салалар бойынша қолдау шаралары өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда салаларына, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әлеуметтік жобаларға бағытталды", — деді Смайылов.
Кездесу барысында "Еділ-Орал.kz" ЖШС операциялық директоры Вячеслав Кондрашихин мұнай-газ индустриясы үшін жалпы құны 3,9 млрд теңге болатын жабдықтар өндіретін жаңа жобаны таныстырып, мемлекет тарапынан берілетін преференциялар бойынша жәрдемдесуді сұрады.
Премьер-министр бүгінгі таңда Қазақстандағы инвесторлар үшін мемлекеттен қолдау мен преференциялар алудың бірқатар тетігі жұмыс істейтінін атап өтті. Атап айтқанда, мұндай жеңілдіктер арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына және инвестициялар туралы келісім аясында көзделген.

"Біз машина жасау компаниялары ҚҚС төлемей (есепке алу әдісімен), әкеле алатын жабдықтар мен құрамдас бөліктердің тізбесін кеңейттік. Сондай-ақ "Даму" қорының желісі бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялалайтын арнайы "Өндіріс"шағын бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр", — деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір өзекті мәселе "Саржа" көпфункционалды теңіз терминалын салу аясында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге қатысты болды. Премьер-министр уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны іске асыру мерзімдерін кешіктірмей, мәселені жедел пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар батыс өңірлер үшін түйе шаруашылығы сияқты АӨК-тегі әлеуеті зор бағытты дамыту, фармацевтикалық өнімдер өндірісін ұлғайту, отандық компаниялардың жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қолжетімділігін кеңейту және басқа да бірқатар мәселені талқылады.
Талқылауды қорытындылай келе, премьер-министр Үкімет орта кәсіпкерлікті дамыту мен кеңейту үшін барынша қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.
"Бүгінде сіздердің өңірлеріңізде тек 517 орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл – орта бизнесті құру, дамыту, кеңейту әлеуеті толық пайдаланылмай, ол экономиканы әртараптандыруға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал ете алмай жатыр деген сөз. Біз орта бизнестің барлық бастамасын белсенді түрде қолдап, олардың тездетіп іске асырылуына жәрдем беретін боламыз", — деді Смайылов.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктері инфрақұрылым жүргізу, жер учаскелерін бөлу және олардың құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша көрсетілетін қолдау деңгейін арттыруы қажет екенін айтты. Өңірлік даму институттары да орта бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуі керек.
"Әр әкімдік алаңында кәсіпкерлердің мәселелерін шешу бойынша жүйелі кездесулер өткізу қажет. Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуі керек", — деді ол.
Жаңалықтар
0