Тоққа түскен 10 жастағы бала аяғынан айырылды – оқиғаның мән-жайы

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиҚосалқы станция, архивтегі фото
Қосалқы станция, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында 10 жастағы бала тоққа түсіп, бір аяғынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Шанақ ауылында тұратын Бейбарыс қосалқы станцияның ішінде тұрған есекті қуып шығамын деп, ішіне кірген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, станцияның қоршауында құлып болмаған. Әйтпесе, оған адам да, мал да кірмес еді.
Станция аймағына үш бала кірді. Бейбарыс электр қондырғысының қоршауын ұстап қалғанда жоғары кернеулі тоқ ұрған.
"Қоршауды ұстар-ұстамас қолым мен аяғымды біреу отпен ұрғандай болды. Ойнап жүріп, есекті шығаруға бардық. Сосын анаған шығып көрейін дедім, сосын ұстаған кезімде тоқ ұрды. Сол тоқ құлатты. Басым біраз айналды. Сосын достарым қасыма келді, Әлихан мені көтеріп, көлеңкеге жатқызды", - дейді Бейбарыс.
Сол қолынан кіріп, аяғынан шыққан тоқ сол аяғының тамырын күйдіріп жіберген соң, дәрігерлер амалсыздан ампутация жасады. Қазір облыстық балалар ауруханасында жатқан оқушыны қасында анасы қарап жатыр. Қолы да қатты күйік қалған Бейбарысқа бірнеше ота жасалды.
"Тізесінен үштен екі бөлімі алынды. Сол қолы күйіктің терең, үшінші А, Б дәрежелі болуына байланысты емделіп жатыр. Қолын ампутациялауға қатер жоқ, бірақ әлі де ота жасалады", - деп атап көрсетті балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Тұрысбеков.
Бейбарыс тоққа түскеннен кейін қоршаудың іші-сыртына қауіпті деген тақтайшалар ілініп, іші тазаланып, есігіне ауыр құлып ілінген. Станциядағы тоқтың қуаты - 35 мың вольт.
Ал электр желісіне жауаптылар баланың өзін кінәләп отыр. Біресе он жасар бала "есіктегі құлыпты бұзып кірді", біресе "қоршаудан секіріп кірген" дейді. Тіпті, мекеме тарапынан еш көмек көрсетілмейді деп кесіп айтты.
"Кім айыпты екенін органдар шешіп берсін. Ешқандай көмек болмайды. Қоршаулы қондырғының ішіне неге кіреді? Ішінде мал жүрсе мұндай болмайды, станцияны, даланы көріңіз, ішті көріңіз. Мен сеніп отырмын", - дейді Қазығұрт ауданы электр желілері мекемесінің бас инженері Жаханбек Серікбаев.
Қазіргі кезде полиция тергеу шараларына кірісті.
Жаңалықтар
0