Қоғам

Депутат үкіметке: дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба?

© пресс-служба МинэкологииАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2023
Жазылу
Депутаттар егістік алқаптары тапталған шаруалардың шығынын толық өтеуді ұсынды
АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. "Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары үкіметтен тез арада киік популяциясын реттеуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Фракция депутаты Аян Зейнуллиннің айтуынша, бүгінгі күні киік санының күрт көбейуі шаруашылыққа жайлы болып тұрған жоқ. Соңғы мәліметке сүйенсек, киік саны 2 миллионнан асқан. Оның 90 пайызы Қазақстанның батысын мекендейді.
"Салалық министрліктің есебі бойынша киіктердің саны 750-770 мыңнан аспауы керек еді. Жайылымдық жердің өзін айтпағанда, шаруа қожалықтары маңдай терімен еккен егістіктерді киіктер тобы бір таптап өткенде-ақ миллиондаған қаржысы желге ұшады. Мысалы, елдің солтүстігінде жылына 150 мыңдай гектар егін алқаптары бүлінеді, орта есеппен 1 гектардан 10 центнер өнім зая кетсе, сол өңірдің шаруалары 14 млрд теңге шығынға ұшырайды. Несие қайтара алмаған шаруалар банкрот болып жатыр. Мұндай жағдайда үкіметтің жайбасарлығы таңғалдырады", - дейді Зейнуллин премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Ол киіктен зардап шегіп отырған 6 облыстың шаруалары қауқарсыз екенін айтты. Өйткені тапталған егістіктің өтеуі жоқ.
Сондай-ақ түрлі себептермен өліп жатқан киіктер де көп кездеседі.
"Ен далада қараусыз тегін жатқан дүниеге ауыл жұртының қызығушылығы артатыны заңдылық. Кәдеге жаратпаса да қабырғаны безендірермін деген оймен өліп жатқан киік мүйізін кесіп алғандар сотталып жатыр, оның ішінде білместік жасаған жасөспірімдер де бар. Бұл жерде заң бұзғандарды жақтап жатқанымыз жоқ. Мәселені осындай деңгейге дейін жеткізбеу керек. Бұл жерде киіктің емес, адамның обалына қалатын сияқтымыз, әрине бұл жақсы емес", - дейді мәжілісмен.
Зейнуллин өлген киіктер түрлі ауру ошағына айналатынын да атап өтті. Шаруалардың малы сол жерде жайылатындықтан, оларға ауру жұғып, эпизоотиялық ахуал ушығады.
"Қазақстанға киік мәселесімен қаншама шетелдік сарапшы келді, бірақ ешқандай нақты қадам жоқ. Қорыта келе айтарымыз: Қазақстанның ең бірінші байлығы – халқы! Осы ретте дәл қазір киікті қорғаймыз ба, әлде киіктен адамды қорғаймыз ба? Тез арада киік популяциясын реттеп, мүмкін оны өндірістік жолға қойып, мүйізін, етін, терісін дұрыс пайдаланып, кәдеге жаратқан дұрыс шығар? Егер үкімет киік қарғысынан қорықса, шаруалардың шығынын толық өтеп беру тетігін енгізу керек", - деп санайды "Ауыл" депутаттары.
Окот сайгака - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.02.2023
Қызылорда облысында үй ауласынан 26 өлі киік табылды
Жаңалықтар
0