Қазақстанда жерді қалай алуға болады
© Sputnik
/ Жазылу
Қазақстан Республикасында жерді бірнеше мақсатта алуға болады. Біреулер үй салады, енді біреулер ауыл шаруашылығымен айналысады. Ондайда жерді пайдаланудың өзіндік шараттары бар. Sputnik Қазақстан жерді алу және оны пайдалану тәртібін ұсынады.
Жер учаскесінің түрлері
Жер туралы кодекстің 50-бабына сәйкес, жер учаскелерін ақысыз түрде алуға болады. Заңда жердің көлемі де белгіленген.
1.
ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін (үй және егістік алқаптарын қоса алғанда) - суарылмайтын жерлерде 0,25 га және суармалы жерлерде 0,15 га;2.
жеке тұрғын үй құрылысы үшін 0,10 га;3.
көгалдандыру, сондай-ақ саяжай құрылысы үшін 0,12 га.Жеке қосалқы шаруашылық және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін жеке меншікке өтеусіз беру жер игерілгеннен кейін жүзеге асырылады. Ауылдық елді мекендерде ақысыз жер учаскелері бір массивте беріледі.
Ал көгалдандыруға арналған жер учаскелері уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы негізінде 1 гектардан аспайтын мөлшерде таратылады.
10 сотық жерге өтініш қалай беріледі
Қазақстанда кәмелет жасқа толған кез келген азамат үй салу үшін 10 соттық тегін жер алуға құқылы. Ол үшін ауыл, аудан немесе қала әкімдігіне арыз жазу керек, я болмаса, eGov.kz порталы арқылы жер кезегіне тұруға болады.
eGov.kz порталында алдымен жеке кабинетке кіру керек. Одан кейін "Тұрғын үй" айдарында орналасқан "Жер қатынастары" бөлімінің ішіндегі "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу немесе кезекке тұру (10 сотық жер) " қызметін таңдау қажет.
10 соттық жерді қай елді мекеннен алатыныңызды белгілейсіз. Бірақ осы маңызды бір мәселені ескеру керек, Алматы қаласынан жер телімін алуға кезекке тұра алмайсыз. Себебі қала аумағында бос жер жоқ. Ал Алматы облысы бойынша жер кезегіне тұруға болады. Бірақ кейбір елді мекендерде жер болмай қалуы да мүмкін. Ондайда eGov жүйесі "таңдауыңызды мемлекеттік орган қабылдамады" немесе "кезекке алу уақытша тоқтатылған" деген жауап шығады. Сол аудан әкімшілігінің тіркелуге рұқсат бергенін күтуге болады немесе басқа аймақты таңдауға тура келеді.
Өтініштің қабылданғаны, я болмаса, қабылданбағаны 10 күн ішінде белгілі болады. Бірақ eGov жүйесі "қызмет көрсету мерзімі 12 тәулік" екенін ескертеді.
Кейбір жағдайда жүйе өтінішіңізді сол сәтте қабылдап, кезекке тұрғаныңызды растайтын құжатты шығарып береді. Осыдан кейін кезегіңізді https://map.gov4c.kz/egkn/ сайтынан бақылай аласыз. Ал бұған дейін мемлекеттен тегін жер алған адамдар кезекке тұра алмайды.
Өтініште қандай мәліметтер көрсетіледі
Ережеге сәйкес, өтінімде бірнеше мәліметті көрсету керек. Олар:
жер учаскесін пайдалану мақсаты;
оның болжамды көлемі;
орналасқан жері;
сұралған пайдалану құқығы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет бұрын ақысыз негізде берген басқа жер учаскесінің болуы (болмауы).
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы бар. Ондай жерлер конкурс арқылы таратылады. Оған жергілікті атқарушы органдар жауапты. Олар ресми сайт арқылы алдын ала хабарландыру беруге міндетті.
Хабарламада:
1.
шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беруге арналған тендердің өткізілетін күні, уақыты мен орны, сондай-ақ өтінімдер берілген күні мен орны;2.
жер учаскесінің сипаттамалары (орналасқан жері, ауданы, жер құрамы, топырақтың сапалық сипаттамалары, бонитеттік балл, судың болуы, облыстың ауылшаруашылық мамандандыруы).Шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім қағаз түрінде немесе "электронды үкімет" веб-порталы арқылы жіберіледі.
Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған адамдардың тізіміне кіретін адамдар уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурстарға қатыса алмайды.