Жигули Дайрабаев ұлдары ер адамды құлдықта ұстағанын жоққа шығарды

© Sputnik / Абзал КалиевЖигули Дайрабаев
Жигули Дайрабаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев ұлдарына қатысты кезекті айыптауға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Жамбыл облысының тұрғыны мәжілісменнің ұлдары оны еңбек құлдығында ұстағанын мәлімдеген еді.
Мәжіліс кулуарында Жигули Дайрабаевтың өзі мұны жоққа шығарды.
"Оның бәрі өтірік. Біз адвокат жалдадық, қазір ол осы іспен айналысып жатыр. Солардан хабар күтеміз, содан кейін ғана жауап береміз", - деді депутат журналистерге.
Дайрабаев ұлдарын айыптаған ер адамды танымайтынын атап өтті.
"Ол мені көрсе, көре берсін. Онда тұрған не бар. Мені барлық ел көреді, 20 млн халық көреді", - дейді депутат.
Журналистердің "соңғы кездері жиілеп кеткен даулардан кейін мандатты тапсыру қажет деп ойламайсыз ба?" деген сұрағына:
"Сіз кімге дауыс бердіңіз? Маған ондай сұрақ қоймаңыз", - деп ашуланды Дайрабаев.
Еске салсақ, жақында бірқатар БАҚ-та Жамбыл облысының алпыс жастағы тұрғыны Василий Ковешник туралы ақпарат жарияланды. Оның айтуынша, Дайрабаевтың жемқорлық үшін шартты түрде сотталған ұлдары оны еңбек құлдығында ұстаған. Ковешниковтің сөзіне сенсек, оны үйде күшпен ұстап, ұрып-соққан, жұмысы үшін жалақы төлемеген.
Сәуір айының басында Таразда мәжілістің қазіргі депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты сот үкімі шыққан болатын. Дайрабаевтың ұлдары Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев 550 млн теңге субсидияны ұрлады деп айыпталды. Екеуі шартты түрде 5 жылға сотталды.
Осыдан кейін депутат Жигули Дайрабаев балаларының кінәсі жоқ екенін және мәжілістен кетпейтінін мәлімдеді.
Алайда мамыр айының басында әлеуметтік желіде Дайрабаевқа қатысты жаңа дау шықты.
Жаңалықтар
0