Тоқаев пен Си Цзиньпиннің не туралы сөйлескені белгілі болды

© PhotoҚасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Қытайға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу кезінде Тоқаев алдымен Си Цзиньпинге мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сосын Қытай Халық Республикасының төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды", – деді Тоқаев.
Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты.
"Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік", - деп атап көрсетті президент.
Қазақстан көрші елге ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Мәселен, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын.
Тоқаевтың айтуынша, экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты.
"Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей "Бір белдеу – бір жол" бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында "Бір белдеу – бір жол" жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ", - дейді Қазақстан президенті.
Осы орайда мемлекет басшысы көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынды.
Тоқаев Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы бір мәрте еске салды. Себебі ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары.
Мемлекет басшысы ҚХР төрағасының өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын да жеткізді.
"Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды. Осы ретте Сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді", - деді Тоқаев.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт өз кезегінде Тоқаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады.
"Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығына" қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет", – деп атап көрсетті Си Цзиньпин.
Тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін де талқылады.
Жаңалықтар
0