Қоғам

Қандас мәртебесін беру тәртібі өзгереді

© SputnikАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.05.2023
Жазылу
Қазір жаңа тәртіп бойынша өтінімдер Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан елдеріндегі елшіліктерде қабылданып жатыр
АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Енді қандас мәртебесін алу үшін өтінімдер Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қабылданады. Жаңа тетік бірқатар мемлекетте пилоттық режимде іске асырылып жатыр, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жаңа тәртіп президент 19 сәуірде қол қойған "Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң аясында бекітілді.
"Бұл елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселелерді шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Министрліктің ақпаратынша, қазір этникалық қазақтардан өтініш қабылдау бойынша жұмыс визалық режим елдерінде (Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан) орналасқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі мекемелерінде пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Кейінірек елшіліктер арқылы өтінім қабылдау визасыз режимі бар елдерде де жүргізіледі.
Бұдан басқа, Enbek.kz порталы арқылы осы пилоттық жобаны (қандас мәртебесін беру және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі қызметтер) іске асыру аясында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі енгізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның шет елдердегі мекемелері арқылы шетелде тұратын этникалық қазақтардан 771 (237 отбасы) өтініш қабылданды.
Сондай-ақ, Маңғыстауда облыс әкімі орынбасарының басшылығымен қандастарды жайғастыру және қабылдау жөніндегі арнайы комиссия құрылды, ол этникалық қазақтардың өңірде тұруға өтініштерін дербес қарайды.
"Тұрақты негізде жұмыс істейтін осындай комиссиялар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде құрылады", - деп мәлімдеді еңбек министрлігіндегілер.
Еске салсақ, Әлеуметтік кодекс және 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы аясында этникалық көші-қонды дамыту және қолдау бойынша жаңа заңнамалық бастамалар енгізілді.
Этникалық қазақтар (басқа елдердің азаматтары) үшін алғаш рет "Ата жолы" картасы енгізіледі, оның ішінде жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар немесе табысты бизнесмендерге елге оңайлатылған кіру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге көшіруге қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды.
Баспана сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2023
Қоғам
Қандастар қай елдерден көп келеді
Жаңалықтар
0