Былтыр мемлекеттік органдар 81 млрд теңгені игермеген

© Sputnik / Абзал КалиевТеңге, монета
Теңге, монета - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке сәйкес, мемлекеттік органдар 81 млрд теңгені игермеген. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстары 98,6%-ке атқарылды және 18,5 трлн теңгені құрады.
"262 млрд теңге атқарылмады. Оның ішінде 181 млрд теңге – бұл үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және өзге де үнемдеу. Бюджет кодексіне сәйкес бұл шығыстар игерілмеген деп есептелмейді. Сондықтан таза игеру 99,6%-ті құрады деп айтуға болады. Игерілмегені – 81 млрд теңге", - деді Жамаубаев мәжілісте 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті таныстырып.
Министрдің айтуынша, бюджет ақшасын игермеуге өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың ұзақ өтуі немесе оң қорытындысының болмауы, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы себеп болған.
"Жыл соңында республикалық бюджетте елеулі кассалық қалдықтар қалыптасты. Осы қалдықтар есебінен біз биылғы бюджетті қаржыландыруға мүмкіндік алдық. Жалпы республикалық бюджеттен 39 мемлекеттік орган қаржыландырылды, олар бойынша 2054 тікелей нәтиже көрсеткіші және 474 түпкілікті нәтиже көрсеткіші бекітілген болатын. Бюджетті атқару нәтижесінде көрсеткіштердің шамамен 90%-не қол жеткізілді", - деді вице-премьер.
2022 жылы 217 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған.
"Бұл Жоғары аудиторлық палатаның және тексеру комиссияларының аудиторлық іс-шараларын есепке алмағандағы көрсеткіш", - дейді Жамаубаев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың 113 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған, соның ішінде 82 адам басшылық қызмет атқарады.
Жаңалықтар
0