Білім

ҰБТ-2023: биылғы сынақтың негізгі өзгерістері қандай

© Sputnik / Владислав ВодневЦентр национального тестирования готовится принять выпускников
Центр национального тестирования готовится принять выпускников - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2023
Жазылу
16 мамырда республика бойынша негізгі ҰБТ басталады. Оны 5 шілдеге дейін екі рет тапсыруға болады. Соның нәтижесі бойынша грантқа түсуге мүмкіндік бар
Sputnik Қазақстан биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты негізгі өзгерістерді ұсынады.

2023 жылғы тесттің негізгі жаңалығы

Биыл Қазақстан тарихы пәні бойынша 20 тест тапсырмасы болады.
Олар екіге бөлінген:
1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған;
11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
Осылайша, контекстік тест тапсырмаларының саны көбейіп, талапкерлердің білімін терең бағалауға басымдық беріліп отыр. Сосын бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады. Ал математикалық сауаттылықта бұрыңғыдай 15 тапсырма қала береді.

Бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді

ҰБТ-да бейіндік пәндер комбинациясы тізбесіне "Математика-Информатика" енгізілді. Оны "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар" мен "Ақпараттық қауіпсіздік" бойынша тапсырады. Бейіндік пәндерде басқа өзгеріс жоқ.
Бейіндік пәндер тізімі:
математика мен физика;
биология мен география;
биология мен химия;
биология мен география;шет тілі мен дүниежүзі тарихы;
география мен шет тілі;
дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері;
дүниежүзі тарихы мен география;
қазақ тілі / орыс тілі мен қазақ әдебиеті / орыс әдебиеті;
химия мен физика; екі шығармашылық

Жауап нұсқалары азайды

ҰБТ тапсырмаларында жауап нұсқаларының санын азайтуға шешім қабылданды. Осылайша, бір дұрыс жауабы бар сұрақтарда жауап нұсқалары 5-тен 4-ке дейін, ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтарда 8-ден 6-ға дейін азайтылды.

ҰБТ форматы

5 пән (3 міндетті + 2 бейіндік);
барлық тест тапсырма саны – 120. ең жоғары балл – 140;
тестілеудің жалпы уақыты: 4 сағат (240 минут);
ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тест уақытын тағы 40 минутқа ұзартып береді; Колледж түлектеріне арналған ҰБТ форматы:
2 пән (жалпы кәсіптік +арнайы); тестілеудің жалпы уақыты – 2 сағат (120 минут);
тест тапсырмалар саны – 60. Жоғары балл саны – 70;
шекті балл – кемінде 25 балл, ал педагогикалық мамандықтарға – кемінде 35 балл;
Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.
Айта кетер жәйт, колледжде бітірген мамандығын жоғары оқу орнында ақылы бөлімде жалғастырғысы келетін бітірушілер университеттің қабылдау комиссиясында әңгімелесу арқылы оқуға қабылданады. Ондайда ҰБТ нәтижесі талап етілмейді. Ал колледж түлегі бітірген мамандығын ЖОО-да жалғастырмай, басқа білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскісі келсе, онда толық оқыту нысаны бойынша оқуға қабылданады. Ол үшін 5 пән бойынша ҰБТ тапсыру керек.

ҰБТ нәтижесі жойылуы мүмкін

Тест тапсыру ережелеріне сәйкес, әрбір адам бір компьютердің алдында отырады. Бейнебақылау камерасы да бар. Бірақ аудиторияға кірмес бұрын тест тапсырушы идентификациядан өтеді. Тыйым салынған заттардың бар-жоғы да тексеріледі. Ол үшін арнайы металл іздегіш құрылғы бар. Ал аудиторияда тыйым салынған заттар анықталса, арнайы акт рәсімделеді. Осыдан кейін тест тапсырушыны шығарып жібереді.
Тест тапсыру кезінде сөйлесуге, орын ауыстыруға, аудиториядан шығуға, шпаргалка және тағы басқа ақпарат алу жолдарын пайдалануға болмайды. Ереже бұзылған жағдайда тест нәтижесі жойылады. Осы орайда тағы маңызды бір нәрсені айта кеткен жөн, ҰБТ өткеннен кейін бейнебақылау жазбалары жан-жақты зерделенеді.
Талапкер жоғары ұпай жинап, грантқа түскен күннің өзінде бейнебақылау жүйесі тыйым салынған заттардың болғанын анықтаса, тест нәтижесі жойылады, ал грант одан кейін тұрған адамға беріледі. ҰБТ кезінде калькулятор, Менделев пен тұздың ерігіштігін көрсететін кестені ғана пайдалануға болады. Бұның барлығы компьютердің интерфейсінде бар.

Оқуға түсу үшін қанша ұпай қажет

Жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу үшін кем дегенде 50 ұпай жинау керек. Ал ұлттық университеттерде шекті ұпайдың саны – 65.
Бұдан бөлек, кейбір мамандықтар бойынша ұпайдың қажетті саны белгіленген.
Ауыл шаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария – 60 балл;
Педагогикалық ғылымдар, құқық – 75 балл;
Сондай-ақ әрбір университет білім беру бағдарламалары бойынша өздігімен шекті ұпай санын қоя алады. Ал грантқа түсу үшін барынша көп ұпай жинау керек.

Аппеляция

Егер талапкер өзі тапсырған ҰБТ нәтижесімен келіспесе, аппеляциялық комиссияға шағым түсіре алады. Бірақ арызды келесі күні сағат 13:00-ден кешіктірмеу керек. Аппеляцияға бірден жүгінген дұрыс. Комиссия шағымды бір тәуліктің ішінде қарап, өз шешімін шығарады.

Грантқа ұпай жетпесе, не істеу керек

Биыл негізгі ҰБТ кезінде екі рет тест тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Екі куәліктің ішінен ең жоғары ұпайды алып, грант тағайындау конкурсына қатысуға болады. Грантқа өтпей қалсаңыз, ақылы бөлім ғана қалады. Оған да шекті ұпай жетпей тұрса, тамыз айында ақылы тест тапсыруға болады. Бағасы – 4 230 теңге.

Негізгі ҰБТ-ны кімдер тегін тапсырады

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алатындар:
2023 жылдың колледж бен мектеп түлектері;
өткен жылдары колледж бен мектеп бітіргендер;
шетелде 11 (12) сыныпта оқитындар;
қандастар;
шартты түрде оқуға түсетін студенттер;
Биыл мектеп бітірген түлектер ҰБТ-ны тегін тапсырады. Қалғаны ақысын төлеуі керек.
Старт ЕНТ 2019 - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2023
Білім
ҰБТ-2023: талапкердің киіміне қатысты өзгеріс енгізілді
Жаңалықтар
0