Жаңа мектеп, емхана, су құбыры: Алматы әкімі Наурызбай ауданы қалай өзгеретінін айтты

© Sputnik / Ертай Сарбасов Алматы. Виды города
Алматы. Виды города  - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 11 мамыр - Sputnik. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде жол, мектеп салу және адамдардың жайлы өмір сүруі үшін инфрақұрылым құру талқыланған басты мәселеге айналды.
Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде Ерболат Досаев өзекті мәселелерді айтып, оларды шешудің жолдары мен мерзіміне тоқталды.
Аудан тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

"Ақсай негізгі су көзінің құрылысы аяқталғанға дейін Ақжар ықшам ауданының 35 мың тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында наурыз айында магистральдық су құбыры мен каскадты сорғы стансасының құрылысын бастадық. Маусым айының соңына дейін бұл жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз.Төрт шағын ауданда, атап айтқанда, Ақжар, Қарағайлы, Тастыбұлақ және Таусамалыда су құбыры мен кәріз желілерін жобалау жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Досаев.

Оның айтуынша, Наурызбай ауданы тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамту мәселесін шешу үшін қала билігі 2025 жылдың соңына дейін 335 шақырым су құбыры және кәріз желісін салуды көздеп отыр. Сондай-ақ, электр желілерін жаңғырту мәселесін қысқа мерзімде шешу жоспарланып отыр.
"Биыл электр желілерін жаңғырту аясында Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Құрамыс, Рахат, Қарағайлы және Қалқаман шағын аудандарында 56 трансформаторлық қосалқы станса жаңғыртылады. Оның 21-і жаңа. Сондай-ақ 114,5 шақырым электр желісі және 35 трансформаторлық қосалқы стансалар да жаңғыртылады. Бұл шаралар тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді және апатты жағдайда өшулерді азайтады", - деді Алматы әкімі.
Ерболат Досаев жолдарды жөндеу және салу мәселесіне бөлек тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта Наурызбай ауданындағы барлық шағын аудандардағы 200 көшені қамтитын 55 мың шаршы метр жолды жөндеу жоспарланып отыр.
"Сонымен қатар мамыр айында Қалалық мобильділік басқармасы Ақжар және Шұғыла шағына аудандарындағы 25 көше бойына 6 шақырым жол, Ақжар, Қалқаман, Таусамалы, Шұғыла шағын аудандары мен Абай саяжайларында 10 көшеге 3 шақырым жалғыз аяқ жол салу жұмыстарын, сондай-ақ 16 көшедегі 14 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізуді бастады. Бұл жұмыстар 2023 жылдың қарашасында аяқталады деп жоспарланған", - деді Досаев.
Сондай-ақ қала басшысы мектептерде орын тапшылығын азайту мәселелеріне тоқталып, 6 жаңа мектептің құрылысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қыркүйек айында басталатынына уәде берді. Сонымен қатар екі жаңа емхана салу жоспарланып отыр. Наурызбай ауданында барлығы 2,7 миллиард теңгеден астам 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жаңалықтар
0