"Жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер": Жаңаөзен әкімі наразылық білдірушілерге үн қатты

Жанаозен - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 10 мамыр - Sputnik. Бүгін бір топ жұмыссыз азамат Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына наразылық акциясын ұйымдастырып, мұнай-газ саласына жұмысқа орналаспайынша, аштық жариялайтындарын мәлімдеді.
Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов осы мәселеге қатысты наразалық білдірушілерге үн қатты.
"Бұрындары айтқанымдай - барлығын бір уақытта мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Мемлекет ұсынатын жұмысқа орналасудың барлық мүмкін нұсқаларын пайдалану қажет. Алайда, өкінішке қарай, біздің кейбір азаматтарымыз мұны тыңдағысы да, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланғысы да келмейді", - деп жазды ол.
Оның айтуынша, әкімдік қолданыстағы алгоритм бойынша жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған адамдарға қиянат жасай алмайды. Сондықтан наразылық білдіруге шыққандарды кезексіз жұмысқа орналастыра алмайды. Бұл әділетсіздік болады.
"Біз жұмысқа орналасудың басқа баламасын ұсынамыз. Сіз "Жұмыс жасаймын" жобасы аясында жалақысы 140-тан 280 мың теңгеге дейін болатын бос жұмыс орындары тізбегіндегі жұмысқа тұра аласыз. Олардың көпшілігі үшін жоғары білімнің болуы міндетті емес. Және де бұл мұнай-газ секторындағы кезегіңізді күтуге ешқандай кедергі келтірмейді. Меніңше бұл ұсыныс – жұмыссыз жүргеннен жақсы, отбасыңызға қолдау болары анық", - деді әкім.
Әкімснің айтуынша, Жаңаөзенде өз шешімін талап ететін бірқатар мәселе бар. Соның бірі - халықты жұмыспен қамтамасыз ету.
"Бірақ көбінесе әріптестерімізбен бірге бар уақытымызды қаламыздың өзекті мәселелерін жүйелі шешуден гөрі митингілер мен ереуілдерге жұмсауымызға тура келеді. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсеңіздер!", - деді Айбек Қосуақов.
Бұған дейін Жаңаөзенде жұмыс сұраған наразылық білдірушілер бүгін тағы әкімдік алдына шыққаны туралы хабарлаған едік.
Жаңалықтар
0