Қоғам

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

© Photo : пресс-служба управления культуры и спорта АстаныАЛЖИР музейі
АЛЖИР музейі - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2023
Жазылу
Бұл дата еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы жарлығымен бекітілген

31 мамыр қандай күн

31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да "контрреволюциялық" немесе "антисоветтік" деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Солақай саясаттың құрбанына айналғандар арасында ұлт зиялылары да бар.
"Халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
Қуғын-сүргін құрбандарының жақындары да қатаң саясаттың зардабын тартты. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Жалпы еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды.
Репрессия жылдары қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінген. Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң болды.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды.
2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.
2022 жылы мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде саяси қуғын-сүргін тарихына арналған материалдар мен құжаттардың 31 томдық жинағы жарық көрді. Кітаптар ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының түрлі санаттарына қатысты бұрын жарияланбаған архив құжаттары мен материалдарынан құралған.
Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Ашаршылық құрбандары

31 мамыр қазақ даласында ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтеді. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті.
"Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген ұжымдастыру ұранының салдарынан республикада 40 миллионнан астам мал басы қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Кейбір деректер бойынша ең кемі 2 млн адам аштықтан ажал құшқан. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.
2012 жылы елордада "1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым" монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Кеңес одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі" деп атады.
"Сол кездерде Қазақстанда ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді", - деген еді Назарбаев.
Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.
Жаңалықтар
0