Жел ұшырып әкеткен мектеп шатыры мұғалімнің үстіне түсті

© Sputnik / Владислав ВодневЖедел жәрдем, архивтегі фото
Жедел жәрдем, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында секундына 57 метр жылдамдықпен соққан жел Кентау қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен үйлердің шатырын ұшырған. Соның салдарынан мектеп шатыры бір мұғалімнің үстіне түсіп, миы шайқалған науқас ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады КТК.
Табиғаттың тосын мінезіне байланысты қаладағы білім ошақтары мен балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты. Қаланың көп бөлігінде электр желілері үзіліп, комуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Кентауда кеше таңғы сағат 6-да басталған желдің арты дүлей дауылға айналып, шағын шаһардың астаң-кестеңін шығарған.
Жергілікті поштаның шатыры ұшып, қирандылары жан-жаққа түскен. Төбесі ойылған мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. Қауіпті болуы мүмкін деген жолдар жабылып, полицейлер көліктер мен жаяу жолаушыларды жүргізіп жатқан жоқ. Тұрғындардың өзі де көшеге шығуға қорқатынын айтады.
"Жан-жағымызға қарап жүреміз. Дүкенге шығасың, базарға барып келу керек. Амал жоқ, шығасың, бірақ сақтық шараларын сақтап, көпқабатты үйлерден аулақ жүремін. Бала-шағам үйден шықпай отыр. Балаларым үйдің ауласында ойнайды. Сондықтан қорқамыз", - дейді қала тұрғыны Тұрар Омаров.
Былтыр салынған политехникалық колледжің де төбе жабындысын жел ұшырып, маңындағы жоғарғы кернеулі электр желісін үзген. Соның салдарынан мың жарымға жуық отбасы жарықсыз қалды. Колледжің шатыры іргедегі жер үйлердің де үстіне түскен.
"Балаларым ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отыр едім, бірдеңе құлады. Арғы жақтағы терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті, шынымды айтсам, жаман болдым. Бала-шаға шошығаны соншалық, атып тұрып далаға қашты", - дейді Кентау тұрғыны Несібелі Уанасова.
Ыбырай Алтынсарин атындағы бірінші мектептің шатыры екі жыл бұрын да күшті желден ұшқан. Сол кезде миллиондар жұмсалған жабынды бүгінгі дауылға тағы да шыдамады. Күшті желде шатыры кеткіш мектептің жабыны түскі сағат 12-лер шамасында ұшып, ауланы басқан. Бұл кезде аулада болған бір мұғалім жарақат алып ауруханаға жеткізілді. Ал таңғы сағат он шамасында оқушылар үйіне жіберілген соң, олар дін аман.
Мектептер мен балабақша аптаның соңына дейін онлайн оқуға жіберілді. Қазір қаланың барлық комуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
"Желдің жылдамдығы 40 метр секундқа жетеді деген мәлімет келді. Ал енді интернетте 61-ге барады деп жатыр. Бүгін 57-ні көрсетті. Ертең бұдан күшті болады деп жатыр", - дейді Кентау қаласы ТЖ бөлімінің бастығы Серік Төлегенов.
Қазір Кентауда желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бірақ есептеу тек жел тоқтаған соң басталмақ.
Жаңалықтар
0