Видео

101 раушан, аниматорлар, лимузин: сәбиді перзентханадан шығарып алу шоуға айналды ма

Жазылу
Өмірге нәресте келу – үлкен бақыт. Қазіргі күні дүние есігін ашқан сәбиінің қуанышын әркім шама-шарқы жеткенше атап өтеді. Перзентхана маңы той-думанға айналды соңғы жылдары. Бұл шын қуаныштың аста-төгі ме, әлде бәсекелістік пе
Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдағы перинаталдық орталықта болып, ата-аналардың қуанышымен бөлісіп қайтты.
Той десе сандығын ашып, барын шашатын қазақ қымбатшылықты да елемейді. Қазіргілер тойхана мен мейрамханаларды қойып, әскерден келгенді де, перзентхана маңын да ұлан-асыр шоуға айналдырып жатыр.
№2 перинаталдық орталықта жылына 600 бала дүние есігін ашады. Бұл орталықта босанған ана да, өмірге келген сәби де дін аман шығады. Бірақ бұл ақпаратты орталық мамандары ырымдап көпшілікке айта бермейді.
"Біздің орталық Алматы қаласындағы перинаталдық орталықтардың үшіншісі. Бұл жерге потологиясы бар жүкті аналар келіп босанады. Соңғы он жылда бір де бір рет ана мен бала өлімі болып көрген жоқ. Сегізінші, тоғызыншы балаларын босанатындар саны артып бара жатыр. Көбіне 5-6 балалы аналар көп босанады. Бұл денсаулығы ауыр жүкті аналар босанатындықтан әр ана мен баланың амандығы үшін қылдың ұшында жүреміз", - дейді 2 перинаталды орталықтың босанғаннан кейінгі бөлім меңгерушісі Гүлнара Күреңова.
Бұл орталықтың мамандары ауырып келген ананы аман-есен шығарғандарына мәз. Өйткені, мұнда денсаулығында ақауы бар жүкті аналар келеді. Перзентхана алдын қандай тойға айналдырса да еш қарсылық жоқ, бастысы бала мен ана аман дейді олар. Керісінше мұндай той-думаннан дәрігерлердің өзі демалатын көрінеді.
Ал Маңғыстау облысындағы дәрігерлер перзентхана алдында той тойлауға түбегейлі қарсы.
"Ең алдымен, біздің орталық – медициналық мекеме. Мұнда тек қуаныш қана емес, басқа да жайттар болып жатады. Бір аналар сәбиін құшағына алып қуанып жатса, кейбірі​ жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатады. Әсіресе, өте аз​ 500 -700 гр салмақпен дүние есігін ашып, 2-3 ай бойына арнайы құрылғыларға қосылып, оңалтудан өтіп жатқан сәбилерге тыныштық аса қажет. Музыканың үні дауыс күшейткіші арқылы қатты шығады​ және ол барлық бөлімдерге анық естіледі", - дейді Маңғыстау облыстық перинаталдық орталық мамандары.
Ақтаулық дәрігерлер де дәл осындай пікірде. Перзентхана алдын шоуға айналдыру – әбестік дейді олар. Дәрігерлер жеке бастың қуанышы өзге жанға кедергі келтірмеу керек дейді.

Шын қуану ма, жоқ шоу жасап мақтану ма?

Десе де қазір бәсекелестік көп. Бірінен бірі асып түскісі келетіндер артып барады. Жаңа туған нәрестені 40 күн бойы кісі көзіне көрсетпей, жаңа босанған ананың тісіне дейін қымтап жел тигізбейтін бұрыңғы дәстүр көмескіленіп барады. Бұрыңғы аналар 9-10 баланы өмірге әкелсе де, әкелеріміздің перзентханаға барып той жасамақ түгілі, шығарып алуға қолы тимепті. Өйткені қырман басындағы қыруар шаруа сол кездегі ер азаматтардың иығында болған. Ал қазір әйелі тұңғышын туса темір тұлпарды сыйлық қып, перзентхана алдына көлденең қоятындар бар.
Дамира Кеңесбаева Байқоңыр қаласынан келген. Төртінші келіні қыз босанып, соның қуанышына ат арытып алыстан келген жәйы бар. Немересін перзентханадан шығарып алу үшін әншілер тобын да шақырыпты.
"Өзімнің бес ұлым бар, төртеуі үйленген. Төрт келінім бар, келінім емес төртеуі де қызымдай. Бүгін сол төртінші келінім қыз босанып, қуанышым қойныма сыймай тұр. Немере қызымның атын Айша бибі деп атадым. Айша анасындай болсын деп ырымдадым", - дейді Байқоңыр қаласының тұрғыны Дамира Кеңесбаева.
Сауықшыл әншілермен қоса перзентхана алдында күнделікті таңның атысы, кештің батысы нәрестелердің қуанышында өнер көрсететін аниматорлар да толып жүр.
"Қанша табыс табатынымызды айтпай-ақ қояйын, бірақ сабақтан тыс уақытта аниматор болып, еңбек етеміз. Билейміз, перзентханадан балаларын шығарып алатындар кісілермен фотоға түсеміз", - дейді Жасұлан Жұмабеков.
Ал Абдуллах Абаз ұл сыйлаған әйеліне 101 раушан гүлін алып кепті.
"Әрине 101 гүл ол үлкен сыйлық деп айта алмаймын. Өйткені әйелім маған ұл сыйлады. Қалған сыйлық үйде күтіп тұр, ол - тосын сый", -деген Абдуллах Абаз журналистерге де не сыйлық беретінін айтпады. Перзентхана маңында бір ғана гүл шоғымен нәрестені күтіп тұрғандар да бар. Бірақ қарасы аз.
Жаңалықтар
0