Төрт күндік жұмыс аптасы: қазақстандықтардың жаңа заң туралы пікірі қандай - видео

© Pixabay / muntazar mansoryРабота
Работа - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 4 мамыр - Sputnik. Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасын шілде айынан бастап енгізу жоспарланып жатыр. Бұл жаңалықты қазақстандықтар қалай қабылдады? Sputnik Қазақстан тілшісі жұмысшы мен жұмыс берушінің пікірін білді.
Қазақтанда биыл енгізілуге тиіс 4 күндік жұмыс аптасын Еуропа елдерінің біразы тәжірибе ретінде қолданып, кейбірі енгізіп те қойған. Жалпы, бұл әдістің негізгі мақсаты - әлеуметтік, экономикалық жағдай мен еңбек өндірісін дамыту.
Төрт күндік жұмыс аптасы туралы алғашқы сөзді 1965 жылы британдық Roundpay Metal Finishers қозғаған. Бұл компания өзінің тәжірибесі туралы бірінші болып көпшілік алдында айтқан: энергия мен су шығындары азайып, таза кіріс артқан. Ал жұмысшылар өздерін жақсы сезіне бастаған.
"Бұл адамдардың бос уақытына көбірек уақыт бөлу үшін ойластырылған. Демалыста адам не істейді? Қыдырады, демалыс орындарына барады, сауданы көбірек жасайды. Нәтижесінде қаржы айналымы өседі. Жұмыста отырған адам ақша жұмсамайды", - дейді экономист Арман Бейсенбаев.
Алматылық дүкенші Айнаш Аманқұлова демалыста саудасы жақсы жүретінін айтады.
"Екі күн демалыста сауда өте көп жүреді. Әрине бізге ол жақсы. Ал жұмыс күндері сауда азырақ болады, тіпті кейде жүрмей қалады. Жалпы демалыс күннің көбірек болғаны нұр үстіне нұр болар еді", - дейді ол.
"Мен шаштаразшымын. Екі күн демалыста өте көп адам кезекте тұрады. Әсіресе балаларының шашын алдыруға келетін ата-аналар көп. КезеГі жетпей, кетіп жататындар да болады. Екі күнде адамның көп тірлігі бітпейді деп ойлаймын. Сол себепті күйзеліске көбірек бейім тұрады, өйткені демалуға уақыты жоқ", - дейді Зинагүл Жалғасова.
Ұлыбритания төрт күндік жұмыс аптасын ондаған кәсіпорында 6 ай бойы сынақ ретінде жүргізген. Экспериментке қатысқандардың 92%-і өте сәтті тәжірибе деп санаған. Сынақ кезеңінің нәтижесі бойынша компаниялардың кірісі орта есеппен 35%-ке өскен. Ауырып қалатындар мен жұмыстан кету саны 65%-ке қысқарған. Қызметкерлердің күйзеліске түсуі 71%-ке төмендеген.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.09.2022
Қоғам
Қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына дайын ба – сарапшылар пікірі
"4 күндік жұмыс күнінің екі аспектісі бар: бірі - демалушы, екіншісі - сапалы жұмыс істеуге құлшыныс. Негізі 4 күндік жұмыс аптасына барлық мекеме ене алмайды. Мектеп, денсаулық, зауыт сияқты салалар үшін бұл тиімсіз. Ал мемлекеттік мекемелерде мұны қолдануға болады. Қазақстанда заң бойынша енгізіледі, бірақ міндеттелмейді. Жұмыс берушімен келіссөз жүргізу арқылы жүзеге асыруға болады. Бірақ бұл Қазақстанда қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Өйткені дәл мұндай тәжірибе бізде болған емес", - дейді Арман Бейсенбаев.
Швеция мен Финляндия денсаулық сақтау саласына 4 күндік жұмыс аптасын енгізген. Бос қалған жұмыс уақытына қосымша мамандар алған. Бұл медицина саласын шығынға батырмай, керісінше жұмыс сапасы артқан. Ал Исландия төрт күндік жұмыс аптасына ауысуда көш басында тұр. Бұл тәжірибені олар 2015-2019 жылы енгізді. Экспериментке шамамен 2500 адам қатысты. Нәтижесінде жеке өмір мен жұмыс арасындағы тепе-теңдік сақталып, адамдардың күйзеліске ұшырауы азайған. Ал еңбек сапасы артқан. Қазіргі күні 90% исландиялық төрт күн жұмыс істеп, үш күн демалады. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінің басым көпшілігінде жүргізіліп жатыр.
Талдықорған қаласындағы "Айсұлу" тігін фабрикасында 160 адам еңбек етеді. Фабрика басшылығы 4 күндік жұмыс сапаға еш әсер етпейді дейді.

"Төрт күндік жұмыс күнін жасауға болады. Біздің жұмысшылар тапсырысты орындағанына қарай еңбекақы алады. Жұмысшылар 4 күн жұмыс істеймін десе, басшылық тарапынан еш қарсылық жоқ. Оған бола біздің жұмыстың сапасы еш төмендемейді. Бірақ тігіншілер 3 күн демалысқа бара қоймайтын шығар. Өйткені керісінше сұранып артығымен жұмыс істегісі келетіндер көп. Кейде тапсырыс болмай қалса, ол кісілер жұмысқа қашан шығамыз деп құлшынып, қайта-қайта хабарласып мазасызданып кетеді. Бізде зейнет жасындағы апалар көп. Олар үйде отырғысы келмейді" - дейді фабрика директоры Жарылқасын Болатұлы.

Ал Алматы қаласындағы "ЖБИ Гарант" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы 4 күндік жұмыс аптасы тиімсіз дейді. Бұл жерде 70 адам еңбек етеді.
"Жалпы, өндіріске төрт күндік жұмыс келмейді. Мысалы, құрылыс саласында демалыс деген жоқ. Жол салушылар, үй салушылар тіпті 7 күн жұмыс істейді. Біздің мекеме төрт күндік жұмыс аптасына өте алмаймыз. Егер біз төрт күнге өтсек, құрылыс тоқтап қалады. Қазақстандағы құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Ал біз сол құрылыс саласын қажетті заттармен қамтамасыз ететіндіктен, жұмыс күнін азайтуға еш болмайды", - дейді "ЖБИ Гарант" ЖШС директоры Альфия Ақпаева.
Сарапшылардың пайымынша, төрт күндік жұмыс аптасы енгізілсе еңбекақы қысқаруы мүмкін. Сондай-ақ олар қазақстандықтардың еңбекқор емес екенін айтады.
"Еңбекақы 20 процентке қысқаруы мүмкін. Нақты емес, мүмкін деп отырмын. Бұған жұмысшы қаншалықты дайын, қаншалықты келіседі, соған да байланысты. Еңбек өнімділігі, өкінішке қарай, Қазақстанда төмен. Біздің еңбекқорлығымыз Еуропамен салыстыруға келмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі еңбек өнімділігі туралы айтып келеді. Егер 4 күндік жұмыс аптасы енгізілсе, жалқаулығымыз одан ары артып кетпей ме, алдын ала болжаудың өзі қиын. Жаппай осы жоспарға көшу мүмкін емес, жеке өз басым оған сенбеймін. Бұл тек заң аясында жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында келісіп жүзеге асатын идея ретінде қалуы мүмкін", - дейді экономист Айдын Бейсенбаев.
Еске сала кетейік, биыл шілдеден бастап Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасы пайда болады. Мұндай өзгерістер Еңбек кодексіне "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы, сондай-ақ ұзақтығы тараптардың келісімімен белгіленетін толық емес жұмыс аптасы қарастырылған.
 5 девушек Казахстана, которые создали красивый бизнес с нуля и не прогорели в кризис - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2022
Қоғам
4 күндік жұмыс аптасы қалай енгізіледі - бас еңбек инспекторы түсіндірді
Жаңалықтар
0