Күйеуі ұрып-соққан әйелге араша түскен алматылық жанарынан айырылуы мүмкін

© Sputnik / Абзал КалиевИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 3 мамыр – Sputnik. Өткен жұмада Алматыда болған жаппай төбелеске қатысушылардың бірі соқыр болып қалуы мүмкін, деп хабарлады КТК.
Жігіт жас ерлі-зайыптының жанжалдасып жатқанын көріп, достарымен бірге қызға араша түсуге тырысқан. Бірақ кенеттен бір топ адам пайда болып, оларды соққыға жыққан, дейді жәбірленушінің әкесі.
Жас жігіттің әпкесі Кристинаның айтуынша, інісі кешке достарымен үйіне қайтып келе жатқанда ер адамның әйелін ұрып жатқанын көреді. Жігіттер әйел адамға көмектесуге бел буады. Бірақ олардың өздері зардап шегіп қалған. Болжам бойынша кенеттен бір топ бұзақы пайда болып, оларды соққыға жыққан.
"Жігіттер сөйлесіп, жағдайды анықтауға да тырыспады. Диалог болған жоқ. Екеуі жерде жатқанда да ұрып-соғуды тоқтатпаған. Видеода олардың бесеуі бір адамға жабылғаны анық көрсетілген. Менің інімді бірден арт жағынан келіп, мойын тұсынан тепкен. Ол бірден ес-түссіз күйде жерге құлаған. Олар оны арқасынан, басынан, мойнынан ұрған", - деді жәбірленушінің әпкесі Кристина Ким.
Соққы салдарынан ол үшінші дәрежелі көз контузиясын алып, көзі көрмей қалды, дейді жәбірленушінің әкесі.
"Арт жағынан соққы алған ұлым жерге құлаған соң, оны көзінен тепті. Олар оны әдейі ұрып-соққан. Соның салдарынан 3-ші дәрежелі көз контузиясы деген диагноз қойылды. Оның көз қабығы ажырап кеткен. Көз қабығының ажырауы соқырлық туындағанын білдіреді", - деді соққыға жығылған жігіттің әкесі.
Полиция қызметкерлері жаппай төбелеске қатысушылардың барлығы қазір анықталғанын айтты. Күдіктілер қамауға алынды.
"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бөлігінің 293-бабына сәйкес бұзақылық фактісі бойынша тіркелді. Төбелеске қатысушыларды "Буран 147" патрульдік бригадасы дереу ұстады. Олар Бостандық ауданының полиция басқармасына жеткізіліп, қазір тергеу жүріп жатыр", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Күдіктілер қомақты айыппұл төлейді немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жәбірленушілердің туыстары төбелеске қатысушылардың барлығы әділ жаза алуын талап етіп отыр. Ал көзінен ауыр жарақат алған жігітті қазір ота жасауға дайындап жатыр.
Жаңалықтар
0