Қазақстанның 11 азаматы қақтығыс болып жатқан Суданда өз еркімен қалды – СІМ

© Photo : официальный аккаунт МИД Казахстана в FacebookСыртқы істер министрлігінің ғимараты
Сыртқы істер министрлігінің ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Суданда Қазақстанның он бір азаматы жұмыс істеп жатыр. Олар елге оралуға ниет білдірмеген. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол Судандағы Қарулы күштер мен Жылдам қолдау күштері арасындағы қақтығыстың күшеюіне байланысты Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялау мәселесін пысықтап жатқанын айтты.
Бұған дейін СІМ Суданда Қазақстанның үш азаматы болғанын, барлығы эвакуацияланғанын хабарлаған еді. Смадияровтың айтуынша, осы ақпараттан кейін сыртқы істер министрлігіне тағы 14 азамат хабарласқан.
"Осыған байланысты қолда бар ақпаратқа сәйкес, жанжал шиеленіскенге дейін Судан аумағында Қазақстанның 17 азаматы бар екені белгілі болды. Олардың басым бөлігі тау кен компаниясында жұмыс істейді. Біразы халықаралық ұйымдарда еңбек етеді. Бүгінгі таңда шетелдегі елшіліктерімен бірлесіп, Қазақстанның 6 азаматы жақын маңдағы елдер арқылы эвакуацияланды", - деді Смадияров апта сайынғы брифинге.
Эвакуацияланған бір отандасымыз БҰҰ ЮНИСЕФ ұйымында қызмет етеді. Ол Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусында орналасты. Ал тағы бір отандасымыз өз қалауымен БАӘ-де қалды. Қалған төрт отандасымыз Қазақстанға оралды.
"Ал 11 қазақстандық Суданда өз еркімен қалуға ниет білдірді. Оның ішінде он азаматымыз тау кен компаниясында жұмыс істейді. Тағы бір қазақстандық шекарасыз дәрігерлер ұйымының қызметкері. Ол сол елде жергілікті халыққа көмектемесін деп қалды", - деді Смадияров.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар істейтін компаниямен байланысқа шыққан. Осылайша екі тарап Судандағы жағдай ушықса, Қазақстан азаматтарын сол компанияның қызметкерлерімен бірге елден шығаруға уағдаласты.
Жаңалықтар
0