Иракта өмір бойына сотталған алты қазақстандық әйел аштық жариялады

© Sputnik / Тимур БатыршинТүрме, архивтегі фото
Түрме, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Ирактың Бағдат қаласында террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына сотталған шетелдіктер түрмеде аштық жариялады. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осыдан бірнеше жыл бұрын "Русафа" операциясы барысында Ирактан кішкентай отандастарымыз елге жеткізілгенін еске салды. Алайда сол балалардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылып, Бағдат түрмесінде қалып қойған.
Ал жуырда 24 сәуірде Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне Ирак билігінің террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырғанына наразылық ретінде Бағдаттың түрмесінде отырған шетелдіктер, олардың ішінде Қазақстан азаматтары да аштық акциясын бастағаны туралы хабарлама келіп түсті.

"Тұтқындар өз мемлекеттеріне тезірек экстрадициялау процесін өткізуді талап етіп отыр. Аштық акциясы Ирак билігінің рақымшылық туралы заңға қол қою туралы қауесеттер аясында басталған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ирак билігі барлық санаттағы қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасау туралы заңға биыл қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл бірақ нақты ақпарат емес", - деп түсіндірді Смадияров апта сайынғы брифингте.

Айта кетері, рақымшылыққа ілігу үшін адамдар өз жаза мерзімінің үштен бірін сол елде өтеуге тиіс.
"Қазіргі уақытта террористік ұйымға қатысқаны үшін сотталған алты қазақстандық Бағдат түрмесінде өмір бойы жазасын өтеуде. Жалпы наразылық білдірушілер әділетсіз үкімдерге, терроримге негізсіз айыптауларға және ұстау жағдайының нашарлығына шағымданады", - деді СІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша, Қазақстанның Иорданиядағы елшілігінің бастамасымен 2023 жылғы 26 сәуірде "Русафа" түрмесінің судьясы және прокурор орынбасарымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Ирак кеңсесі балаларды қорғау жөніндегі маманымен кездесу өткізілді. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтарының құқықтарын сақтау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
"Егер Ирак билігі рақымшылық акциясын қабылдаса, біз онда әрі қарай жұмысты жалғастырамыз", - деді Смадияров.
Жаңалықтар
0