Еңбек құлдығында болған бес қазақстандық Мьянмадан қашып шықты

© Sputnik / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2023
Жазылу
Олардың біреуі құлдықта ұстаған компанияның қызметкерлеріне ұсталып қалды
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Мьянмада еңбек құлдығында болған Қазақстанның төрт азаматы жуырда елге оралады. Ал бір отандасымыз қашып шыға алмаған. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Смадияровтың айтуынша, Мьянма мен Таиланд арасында орналасқан "алтын үшбұрыш" деген аумақта Қазақстанның бес азаматы еңбек құлдығына түсіп қалған.
"Сәуірдің ортасында бір жігіт біздің Таиландтағы консулға қоңырау шалып, "менің жанымда тағы төрт жігіт бар, осында құлдықта отырмыз" деп көмек сұрады. Консул оларға бірнеше кеңес берді. Отандастарымызды құлдықта ұстап отырған компания шекараның жанында екен. Шекара ол кішігірім өзен. Сондықтан қазақ жігіттері сол өзеннен жүзіп өтіп, Таиланд аумағына қашатын болып келісті", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Бірақ отандастарымыз қашатын күні консулға жарты сағат уақыт қалғанда ғана хабар берген. Ал консул Бангкоктан шекараға жету үшін көлікпен 7-8 сағат жол жүреді.
"Ол, әрине, үлгермеді. Жігіттер компания аумағынан шығып, өзен арқылы жүзіп өткен. Бірақ артынан компания қызметкерлері қуған. Төртеуі жүзіп, Таиланд аумағына шығып үлгерген, бірақ біреуі жағалауда қалып қойған. Оны компания өкілдері ұстап, кері қайтарды. Компания қызметкерлері де өзеннен жүзіп өтіп, Таиланд аумағында қалған төрт азаматтың ізіне түскен. Бірақ қуып жете алмаған", - деп баяндады СІМ ресми өкілі.
Қазақстандықтар дереу консулға хабарласып, көмек сұраған. Консул Таиландтың шекара қызметіне және полициясына хабар берген. Олар төрт жігітті құтқарып қалды. Қазір отандастарымыз Бангкокта, аман-сау. Үш төрт күнде елге қайтады деп күтіп отырмыз, деп жалғастырды Смадияров.
Ал қашып кете алмаған отандасымызбен бір апта бойы байланыс жоқ.
"Біз тек сол компанияның басшылығымен және күзетшілермен байланыс орнаттық. Бірақ олар дұрыс жауап бермей жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, құлдықта ұстайтындар әр адам басына 6 млн теңге сұрап отыр. Оларда ондай ақша жоқ, сондықтан жігіттер қашатын болып келіскен. Қазір келіссөз жүргізілуде. Егер компания басшылығы келіссе, ол жігітті алып шығуға мүмкіндік бар", - деді Смадияров.
Жаңалықтар
0