Бастапқы жарна және жалақы бойынша шектеу: 4%-тік автокредитке өзгеріс енгізіледі

© Sputnik / Владислав ВодневКазахстанский автосалон
Казахстанский автосалон - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.05.2023
Жазылу
Үкімет белгілеген жалақы мөлшерінен көп айлық алатындар бағдарламаға қатыса алмауы мүмкін
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Төрт пайыздық автокредит бойынша енді қазақстандықтар бастапқы жарна төлейді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында министр жеңілдетілген автокредитке қатысты бірқатар өзгерісті жария етті. Үкімет автонесие жүйесін қайта қарап жатыр. Біріншісі, төрт пайыздық несиемен автокөлік алған қазақстандықтардың аты-жөні көпшілікке жарияланады.
"Екіншісі, осы уақытқа дейін көлікке бастапқы жарна төлеу қажет емес еді. Оны қайтарамыз ба деп отырмыз. Яғни он пайызға дейін бастапқы жарна төлеу керек деген тетік енгізіледі", - деді Қарабаев үкімет отырысында.
Үшіншісі бюджеттік автокөліктерге көбірек ақша бөлу жоспарланып отыр.
"Бізде бұған дейін 10 миллионға дейін несие алуға болатын. Ал көлік құны 15 млн теңге бола береді. Соны да төмендетеміз бе деп отырмыз. Яғни бюджеттік машиналарға көбірек ақша бөлеміз бе деп отырмыз", - деді ол.
Министр бағдарламаға Hyundai Tucson, Kia Sportage маркалы автокөліктердің қатысуы қайта қаралатынын атап өтті. Яғни олар бағдарлама бойынша сатылмауы мүмкін. Қарабаев әзірге бұл нақты шешім емес екенін атап өтті.
Төртіншісі, автокредит алғысы келетіндерге жалақы бойынша шектеу қойылады.
"Біз белгілі бір жалақыны белгілейміз деп ойлап отырмыз. Кім одан көп жалақы алатын болса, олар автонесиеге қатыса алмайды. Яғни мұқтаж адамдарға көбірек мүмкіндік жасаймыз", - деді Қарабаев.
Министр бұл өзгерістер бір ай ішінде қабылдануы мүмкін екенін айтты.
Бұдан бөлек, үкімет кулуарында журналистер министрден автокредит неге тоқтап қалғанын сұрады.
"Осы уақытқа дейін револьверлік жүйе бойынша 4 миллиард теңгедей қайтарылды. Ол ең көп дегенде 400 автокөлікке жетеді. Біздің ойымыз, жиналған қаражат 500-ден астам көлікке жеткенде, яғни 5 миллиард теңге ақша қайтарылғанда ғана жариялаймыз деп отырмыз", - деп түсіндірді Қарабаев.
Жаңалықтар
0