Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
08:03 01.05.2023 (жаңартылды: 10:16 09.08.2023)
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚасым-Жомарт Тоқаев
Жазылу
АСТАНА, 1 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент 1 мамыр тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам екенін атап өтті.
"Ел бірлігі – біздің баға жетпес байлығымыз, мемлекеттілігіміздің берік негізі. Қазақ жері сан алуан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған. Барлық азаматтарымыз өткен тарихы, бүгіні мен болашағы бір екенін терең ұғынады. Өйткені жұртымыздың құндылықтары да, арман-мұраттары да ортақ. Түптеп келгенде, бәріміз – үлкен қара шаңырақтың, біртұтас қазақ ұлтының перзенттеріміз", - делінген құттықтауда.
Оның айтуынша, еліміздің өсіп-өркендеуі қолға алған реформалардың тиімді жүзеге асырылуына байланысты. Қазақстан осы іргелі мақсаттарға мызғымас бірліктің арқасында ғана қол жеткізеді.
"Халқымыз "Ырыс алды – ынтымақ" дейді. Бабаларымыздың бұл өсиеті – Әділетті Қазақстандағы басты ұстанымның бірі. Біз татулық, теңдік және әділдік қағидаларына негізделген қоғам құрамыз. Бірлігі жарасқан жұртымыздың абыройы асқақ болсын!", - деген Тоқаев барша қазақстандыққа бақ-береке және толағай табыс тіледі.