Нью-Делиде ШЫҰ қорғаныс министрлері қандай мәселелерді талқылады

© AP Photo Флаги стран - членов ШОС, архивное фото
Флаги стран - членов ШОС, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Үндістан астанасы Нью-Делиде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті. Осы шара аясында Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қытай Халықтық азат ету армиясының қорғаныс министрі Ли Шанфумен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Сонымен қатар Иранның қорғаныс министрі Мохаммад Реза Аштияни Иран Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттермен әскери-теңіз жаттығуларына қатысуын кеңейтуді көздеп отырғанын мәлімдеді.
"Иран Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдермен теңізде бірлескен әскери оқу-жаттығуларын өткізу және қауіпсіздік, соның ішінде терроризмге қарсы күрес саласында ақпарат алмасу сияқты іс-шаралар бойынша белсендірек ынтымақтастық орнатуға ұмтылады", - деді Иран министрі.
Сондай-ақ ол Батыстың "экспансионистік және гегемониялық саясат" арқылы бір полярлы әлемді қайта жаңғырту әрекеттеніп жатқанына назар аударды.
Аштияни Иранның қорғаныс доктринасында аймақ ішінде және одан тыс жерлерде барлық мемлекет үшін бейбітшілік пен тұрақтылық сияқты басымдықтар анық көрсетілгенін еске салды. Оның пікірінше, сауда қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұхит жолдарын қорғау үшін блокқа мүше барлық мемлекеттің қарулы күштерін біріктіретін "Шанхай теңіз қауіпсіздік белдеуін" құру қажет.
Иран Қорғаныс министрлігі Тәжікстанмен әскери ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отырғаны да мәлім болды. Бұл туралы Нью-Делиде қос мемлекеттің қорғаныс министрлері екіжақты кездесуі кезінде белгілі болды.
Иран мен Тәжікстанның қорғаныс ведомстволарының басшылары Орталық Азия ірі державалар арасындағы өзара әрекеттестік және кейде геосаяси бәсекелестікке арналған кеңістік екенін атап өтті. Мохаммад Реза Аштияни Иран әрқашан Тәжікстанның бейбітшілігін, тұрақтылығын және аумақтық тәуелсіздігін қолдайтынын жеткізсе, тәжікстандық әріптесі өз кезегінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды терең және бауырластық деп атап, Иран мен Тәжікстанға көптеген қауіпсіздік мәселелер ортақ екенін баса айтты.
Ал Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин америкалық белсенділік аймақтарды тұрақсыздандырып, басқа мемлекеттерді текетіреске итермелейді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери-саяси жағдайда оң өзгерістер жоқ. Хренин монополярлық әлем өткеннің еншісінде қалып бара жатқанын атап өтті.
"Белгілі бір күштер АҚШ-тың валюталық, қаржылық, технологиялық және мәдени үстемдігіне негізделген жаһандану дағдарысына тап болды. АҚШ үшін әлемнің бірполярлы моделін сақтау өте маңызды", - деп мәлімдеді Беларусь қорғаныс министрі.
Ол АҚШ жердің ресурстары мен байлығын өз бақылауына алуды қалайтынына сенімді. Бірақ оларға шекаралар мен өркениеттік және діни көзқарастар секілді бірегейлілік кедергі болып отыр.
"Мемлекеттердің ұлттық және коалициялық доктриналық құжаттарында жаһандық және аймақтық үстемдікке қатысты қарсылықтар айқын көрсетілген. Блоктық қауіпсіздік архитектурасы бекітілгені белгілі", - деді Беларусь министрі.
Ал Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Орталық Азия өңіріндегі терроризм, Батыстың Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуі туралы айтты.
"Орталық Азия аймағындағы жағдай одан әрі шиеленісуі ықтимал. Негізгі қауіп Ауғанстанда тамыр жайған және өз идеяларын ілгерілету үшін көршілес республикаларда әрекетін күшейткен көптеген радикалды экстремистік топтардан келіп отыр", - деді Шойгу.
Оның айтуынша, ДАИШ*, Әл-Каида*, Өзбекстан ислам қозғалысы* және Шығыс Түркістанның ислам қозғалысы* сияқты түрлі халықаралық террористік ұйымдардың топтары басқа мемлекеттерге ену ықтималдығы артып жатыр.
"Бұл бізден терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылды нақты үйлестіруді және күш-жігерді арттыруды, аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын әзірлеуді талап етеді", - деді ресейлік министр.
Ол Ауғанстан тақырыбын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының күн тәртібінде ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Шойгудың айтуынша, жан-жақты халықаралық және аймақтық қолдаусыз бұл елдің қиындықтарды жалғыз жеңуі екіталай.
Сонымен қатар Сергей Шойгу Украинаға Батыстан жеткізілген қару-жарақ террористердің қолына түсіп, бұл Еуропаның және жалпы әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етіп жатқанын айтты.
Отырысқа Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің, атап айтқанда Ресей, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің қорғаныс министрлері, ШЫҰ Бас хатшысының, ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқару комитетінің директорының, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер ретінде Беларусь пен Иранның әскери ведомстволарының басшылары қатысты.
*Қазақстан, Ресей және бірқатар басқа елдің аумағында тыйым салынған террористік ұйым.
Жаңалықтар
0