Қоғам

Құрбан айттан бұрын келетін Арапа күні туралы не білеміз

Архивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2023
Жазылу
"Арапа" сөзі барша мұсылман үшін ұлық мейрам – Құрбан айттың басталатынын білдіреді. Ислам дініндегі қасиетті күндердің бірі жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Арапа күні деген не

"Арапа" сөзі араб тіліндегі білу, түсіну деген мағынаға саятын "ъарафа" етістігінен шыққан. Зүлхиджа айының тоғызыншы жұлдызына сәйкес келеді.
Ислам тарихына үңілсек, зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде баласы Исмайылды құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Әуелде бұған аса мән бере қоймайды. Көрген түсін жай түс болар деп ойлайды. Алайда ертесіне дәл сол түсті тағы көреді. Осыдан кейін көрген түсін "жай емес" Алладан келген "аян" екенін анық біледі.
Міне, осы себепті зүлхиджа айының сегізінен тоғызына қараған уақыт – "Арапа" (арафа) күні деп аталған. Қарияларымыз кейде оны "Қарапа" күні деп те атайды.
Арапа күні қажылық парызын өтеуге барған адамдар түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтап, таудың етегінде намаз оқиды. Меккеден Арафат тауына дейінгі аралық жол 7 сағатты құрайды. Бұл сапарға аттанған адам тауға жаяу жүріп көтерілуі шарт. Арафат тауында тұру – қажылықтың негізгі бөлігі, онсыз қажылық жасалды деп есептелмейді.
Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде құлдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының кешірілуін үмітпен тілейді. Жүректер мен көздерден жас төгіліп, тәубе етіліп, Хақ Тағалаға шын жүректен жалынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл қылып, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.
Арафат тауының тарихы сонау Адам атамен ұштасады.

Арапа күні қашан басталады

Арапа – күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн. Яғни 2023 жылы Арапа күні 27 маусымға тура келіп тұр. Ал 28 маусым – қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні.

Арапа күні не істеу керек

Арапа күні жасалған ізгі амалдардың сауабы мол.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) "Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, Арапа – Алла қадірлі еткен күн" деген екен.
Арапа күні Алладан жасаған күнә-қателіктеріміз үшін көбірек кешірім тілеп, тәубе етіп, дұға қылған дұрыс. Өсек-өтірік, ғайбат сөз, харам дүниелерден тыйылған абзал. Бұған қоса мұқтаждарға қол ұшын созып, ауру-сырқаудың көңілін сұрап, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен татуласып, өкпе-ренішті ұмыту арқылы да мол сауапқа кенелуге болады.
Сонымен қатар Арапа күні әр шаңырақта ұлық мейрам Құрбан айтқа әзірлік басталады. Бауырсақ, шелпек пісіріп, дәмді тағамдар әзірленеді. Мол дастархан жайылып, қонақ күтуге дайындалады. Үйдің іші-сыртын тазалап, ретке келтіреді. Адамдар әдемі, жаңа киімдерін киіп, Құрбан айттың келгеніне ерекше шаттанып қуанады.

Арапа күні оқылатын дұға

Пайғамбарымыз: "Арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан қасиетті жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық. Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға", - деген. Сондықтан Арапа күні алақан жайып Алладан өзіңізге, отбасыңызға, ел-жұртыңызға амандық тілеп, жәрдем сұраған жөн.
Бұдан бөлек Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала "Аллаһуммә әнтәссәлам..." дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын оқуы керек. Әйелдер дауысын шығармай, ішінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.
Тәшриқ тәкбірі: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд".
Кейбір ғалымдар Арапа күні "Ықылас" сүресін барынша көп, тіпті мың рет оқудың артықшылығы туралы айтқан.

Арапа күні ораза ұстауға бола ма

Арапа күні ораза ұстау – сүннет, қасиетті күні орындалатын ең ізгі амал саналады. Хадистерде Арапа күні ораза тұтудың сауабы мол және күнәларымыз кешірілетіні жайлы айтылған. Сол себепті қажылыққа бармаған әрбір мұсылман Арапа күні ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілегені абзал.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) қиямет сырнайы үрленгенге дейін, өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады" - деген.

Арапа күнінің ораза кестесі

Арапа оразасының уақытын күнделікті намаз кестесінен қарауға болады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты. Сәресіні таң намазына 10 минут қалғанда аяқтаған абзал.
Ал ақшам намазының кіруімен ауыз ашу уақыты басталады. Ауыз ашқанда сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасайсыз.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.04.2023
Қоғам
Құрбан айт – 2023: қашан басталады және мейрам күндері не істеу керек
Жаңалықтар
0