Білім

Антикор барлық білім беру ұйымында аудит жүргізеді

© Photo : акимат Павлодарской области/Валерий БугаевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.04.2023
Жазылу
Білім аудитін жүргізуге орта білім саласындағы сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Еліміздің барлық білім беру ұйымында білім аудиті жүргізіледі, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі орта білім беру саласын қаржыландыру бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен талдау жүргізеді. Білім беру саласындағы мәселелер бойынша өткен бірлескен жиында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали осындай келісімге келді.
"Бірлескен талдау жасау туралы шешімнің қабылдануына білім саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық істердің белең алуы себеп болып отыр. Тек соңғы үш жыл ішінде 300-ден аса жемқорлық құқықбұзушылық тіркелген және қылмысқа қатысы бар 200-ге жуық адам анықталды", - деп хабарлайды ведомство.
Заңбұзушылықтың басым бөлігі Шымкент қаласында және Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарында жасалған. Жуырда Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Талдықорған қаласында болған білім саласы қызметкерлеріне қатысты атышулы істер де бұл салада сыбайластықтың бар екенін дәлелдей түскен.
Министрліктің ақпаратынша, алдын ала жасалған талдау барысында бұрын республикалық бюджеттен білім саласына бөлінген қаржы жергілікті бюджеттің өзге салаларына аударылғаны анықталды.
"Бұл ата-аналар мен мұғалімдерден алым жинау секілді сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне, сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша берешектің туындауына ықпал етеді", - дейді министрліктегілер.
Жалпы биыл білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу және қаржылық тәртіпті күшейту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0