Баланың суретін әлеуметтік желіге жүктеу қауіпті ме?

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Қазір көп ата-ана балаларының суретін әлеуметтік желіде бөліскенді ұнатады. Сәбидің бірінші қадамы, мектептегі алғашқы күндер, демалыстағы әдемі сәттер. Алайда мамандар мұндай фотолар мен жиналған "лүпілдердің" арты қауіп төндіруі мүмкін екенін жоққа шығармайды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Кейде абайсыз айтылған сөз, аңғармай салынған сурет баланы жәбірленушіге айналдырады. Өкінішке қарай кибербуллинг құбылысы соңғы жылдары елімізде өршіп тұр. Сондықтан мамандар ата-аналарға балалар туралы ақпаратты көпшілікке жарияламас бұрын өте мұқият болуға кеңес береді. Әлеуметтік желіде жұлдыздар сәбилерінің әрбір қадамын бөлісіп, қызу талқыға ұшырап жатады. Әр балаға өз бетінше парақша ашып, блогерлік мансапқа итермелейтіндері де бар. Ал жас жұлдыздар жазылатын түрлі пікір мен сынды кейде көтере алмауы мүмкін дейді психологтар.
"Кекету, мазақтау балаға өте ауыр тиеді, жарақат алып келуі мүмкін. Шектеліп қалуы мүмкін. Сол себепті де ата-ана баламен ақылдасу керек. Бұл баланың жеке шекарасы ғой. Себебі бала өскен сайын оқшауланғанды жақсы көреді. Өзімен өзі отырғанды жақсы көреді", - дейді отбасы және балалар психологы Айжан Нұрболқызы.
"Каспер зертханасының" деректері бойынша ата-аналардың 58% әлеуметтік желіге өз балаларының фотосуреттерін жариялайды. Ал респонденттердің жартысынан көбі желіге салмас бұрын баланың келісімін алу қажет деп санамайтын көрінеді.
"Егер балалар жайлы жеке ақпарат пен суреттерді оның заңды қамқоршысы, ата-анасы жариялаған болса, ол өздерінің құқығы. Ал егер ақпарат ата-ананың рұқсатынсыз өзге тұлғаларға жетіп, бөлек мақсаттар үшін қолданылса, оның салдары жаман болуы мүмкін. Бұл жерде соны ажыратып алу керек. Баланың жақсы жетістіктерге жетіп жатқаны жайлы сурет болса керемет қой. Бірақ қайғылы жағдай, жаман оқиға болып, балаға қатысты ақпарат тарап кетсе, оған психологиялық соққы болады", - деп түсіндірді Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин.
Тиісті заңнамаға сәйкес балалардың дербес деректерін қорғау жалпыға ортақ ережелер бойынша жүргізіледі. Ал жеткіншектердің жеке мәліметін заңсыз өндеу фактілері анықталған жағдайда, әкімшілік істерді қозғау ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің арызы негізінде іске асырылады.
"Министрлік дербес деректерді қорғау үшін заңнамалық және техникалық шараларды қолданысқа енгізу жұмыстарын жүргізуде. Дербес деректер иелерінен, яғни, балалардың ата-аналарынан дербес деректерді жинау және өңдеу үшін қажет келісімді алу қарастырылған", - дейді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы Әділетхан Қабдеш.
Бірде-бір ата-ана баласын қауіпке итермейтіні анық. Бірақ, есіңізде болсын, суретіңіз желіге жүктелген алғашқы секундтан бастап, ол сіздің фотоңыз емес, қоғамның кезекті меншігіне айналады.
Жаңалықтар
0