Қоғам

Депутаттар жүргізуші куәлігін алу қызметін нарыққа беруді ұсынды

© SputnikЖүргізуші куәлігі
Жүргізуші куәлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаттары жүргізуші куәлігін алу қызметін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының құзыретінен алып тастап, нарыққа беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаттарын жол апатынан қаза тапқандар санының жыл сайын көбейіп бара жатқаны алаңдатып отыр. Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол апаты тіркеліп, 2 мыңға жуық адам қаза табады.
"Яғни бұл жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен парапар. 30 жылда жол апатынан қайтқандар саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3%-ін құрайды. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсуде", - деді ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Сарапшылардың пайымынша, жол апаттарының жиілеуінің негізгі себебі – емтихан тапсырмай, жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі.
"Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, автоЦОН қызметкерлері де ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылар саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы – 42 мың адам куәлікті сатып алса, сатудан түскен ақшаның көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 миллиард теңгеден асады", - дейді мәжілісмен.
Депутат адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршуіне неге жол беріліп отырғанын сұрады.
Айтуынша, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отыр.
"Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпарат қауіпсіздігі пен құрылғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген. Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл мемлекеттік қызмет түрін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады", - деді Құспеков.
Депутат мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және Қазақстан заңдарын сақтай отырып нарыққа беруді ұсынды.
Автомобиль Toyota, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.04.2023
Қарағандыда рөлдегі әрекетін видеоға түсірген жүргізуші ұсталды
Жаңалықтар
0