Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз әлі жүріп жатыр – ҚазМұнайГаз басшысы

© Sputnik / Владислав ВодневАстанаға келген жаңаөзендік мұнайшылар
Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, тендерді ұтқан компания ұтылған "Бер Али" компаниясының жұмысшыларын жұмысқа алуға дайын екенін айтқан. Алайда мұнайшылар одан бас тартқан. Олар бір жылдық емес, үш жылдық келісімшарт бекітуді талап етіп отыр.
"Биылға дейін келісімшарт тек бір жылдық қана болды. Қазір біз үш жылдық келісімшартқа ауысу туралы шешім қабылдадық. Дегенмен бір жылдық немесе үш жылдық келісімшарт тек ҚазМұнайГаздың ұстанымы емес қой. Неге десеңіздер, жекеменшік компаниялар айтады: біздің тәуекеліміз бар, ертең біз үш жылдық келісімшартқа қол қойсақ, бірақ инфляция өсіп, жұмысшылардың жалақысы артса, технология немесе құрал-жабдықтардың бағасы өсіп кетсе, онда біз үш жыл қайтіп жұмыс істейміз?" Сол себепті әр компания үш жылдық келісімшартқа отыруға дайын ба, жоқ па, өздері шешуі керек", - дейді Мырзағалиев.
Айтуынша, ҚазМұнайГаз тарапы бұған дайын. "Самұрық-Қазына" сатып алу процедурасына тиісті өзгерістерді енгізеді.

"Жасырынатыны жоқ, жұмысшылардың талаптары жиі өзгере береді. Жекеменшік компаниялар оларды жұмысқа алуға дайын екенін білдірді. Кейін жұмысшылардың талабы өзгеріп кетті. Жекеменшікке емес, бізді "Өзенмұнайгаздың" өзіне жұмысқа тұрғызыңдар деп талап қойды. Бұл өте орынсыз және орындалмайтын талап", - дейді ҚазМұнайГаз басшысы.

Себебі, оның айтуынша, ӨзенМұнайГазға жұмысқа тұруға 9 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр. Мырзағалиев келіссөзге қалған жаңаөзендік жұмысшылар әлі Астанада екенін атап өтті.
"Жігіттер әлі күнге дейін Астанада. Тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Егер біздің келіссөздер конструктивті өтсе, шешімі табылады деп ойлаймын. Бәрі реттеледі деген үмітіміз бар", - деді ол.
Сондай-ақ ол жекеменшік компанияларға жаңаөзендік мұнайшыларға қандай жалақы ұсынып отырғанын айтты.
"Жалақыны жекеменшік компаниялар ұсынып жатыр. Олардың орташа жалақысы айына 740-760 мың теңге. Вахталары он бес күндік немесе бір апталық қой. Сонда айына 750 мың теңге жалақы түседі", - дейді Мырзағалиев.
Жаңалықтар
0