Қоғам

Санаулы сағаттардан кейін қасиетті Қадір түні басталады

Архивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылманды Қадір түнімен құттықтады.
Биыл мың айдан да қайырлы Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге түсіп тұр. Яғни бүгін күн батқан уақыттан бастап Қадір түні кіреді.
Мүфтияттың ақпаратынша, қасиетті түні Астана мен Алматыда барлық мешіт жұмыс істейді.
Алла Тағала Құранда: "Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады" деп баяндайды.
"Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған "Қадір" сүресі дәлел болады", - дейді бас мүфти құттықтауында.
Оның айтуынша, Қадір түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасау керек.
Сондай-ақ қасиетті түні "Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші" деп дұға тілеген абзал. Хадистердің бірінде: "Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі" делінген.
"Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай", - деп тіледі Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
Астанадағы мешіт - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2023
Қоғам
Қадір түні – 2023: қалай қарсы алу керек
Жаңалықтар
0