Қоғам

Қосшыда құны 120 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2023
Жазылу
Мемлекетке өткен жер телімінде мектеп салу жоспарланып отыр
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Қосшы қаласы прокуратурасының актісі бойынша құны 120 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Қала прокуратурасы жер заңнамасының қолданылуын талдау барысында әкімдік коммерциялық мақсатта жер беру кезінде өрескел заңбұзушылықтарға барғанын анықтады.
Мәселен, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесін уақытша пайдалануға берген. Осы өкім негізінде кәсіпорын мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану туралы шарт жасалған.
"Содан кейін жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алайда 2016 жылдан бері кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған. Ал құжаттарға сүйенсек, ЖШС ол жерде тұрғын үй кешенін салуды көздеген", - делінген хабарламада.
Жер учаскесінің кадастрлық құны – 65 млн теңге. Ол Қосшы қаласының орталығында орналасқан және жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. 2021 жылы кәсіпорын осыны пайдаланып жер телімін жалдау құқығын басқа заңды тұлғаға 120 млн теңгеге сатқан.
Алайда қадағалау органы жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады.
Прокуратураның ұсынысымен Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті жалдау шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз енгізді.
2022 жылғы 7 қарашада Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен департаменттің талап-арызы қанағаттандырылып, жер мемлекетке қайтарылды. Сот шешімі биыл 16 ақпанда заңды күшіне енді.
Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, осы жер учаскесінде "Жайлы мектеп" жобасы аясында мектеп салу жоспарланып отыр. Себебі қалада халық санының қарқынды өсуіне байланысты жылдан жылға мектеп тапшы.
Жаңалықтар
0