Қазақстанның алты қаласында қоқыс өртейтін зауыттар салына ма

© Sputnik / Alexandr Kryazhev / Медиабанкке өтуАкция по уборке берега и акватории озера Байкал от мусора
Акция по уборке берега и акватории озера Байкал от мусора - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Алты ірі қалада жоспарланған қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы әлі басталған жоқ. Конкурсты ұтып алған компания жобаны тоқтата тұруға ниет білдірген. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошурбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер қоқыс өртейтін зауыттардың жобасы туралы сұрады.
"Белсенділер қарсы шыққандықтан, бұрынғы министр бұл идеядан бас тартатын шығармыз деген еді. Жобаның одан кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл идеядан бас тартты ма, жоқ әлде қарастырылып жатыр ма?", - деп сұрады БАҚ өкілі.
Ошурбаевтың айтуынша, алты қоқыс өртейтін зауыттың құрылысы бойынша белгілі бір қиындықтар туындаған.
"Шынымен де конкурсты ұтып алған компания аталған жобаны тоқтата тұруға ниет білдірді. Яғни аукциондық сатылымға шығарылған алты зауыттың құрылысы жалғаспайды. Қазір тариф бойынша мәселе пысықталып жатыр. Өйткені аталған механизм жұртшылықта да, органдарда сұрақ тудырды. Бірақ қоқыс өртеу бойынша аталған тетік негізгі шаралардың бірі емес екенін айтқым келеді. Министрлік басқа да жаңа технологияларды қарастырып жатыр", - деді департамент директоры.
Ол әлем елдерінің тәжірибесі зерделеніп жатқанын атап өтті.
"Уақыт бір орында тұрмайды. Еуропа елдері дамып жатыр. Сол себепті олардың қандай да бір тәжірибесін өз елімізде енгізуге болады. Жуырда ғана әлеуетті инвесторлар басқа технологияны ұсынды. Біз қазір оларды да қарастырып жатырмыз", - деді Ошурбаев.
Министрлік өкілі қоқыс өртейтін зауыттар мүлдем салынбайды деп үзілді-кесілді айта алмайтынын мәлімдеді.
"Пилоттық жоба ретінде тек бір өңірде ғана іске асуы мүмкін. Бәлкім, басқа технологиялар тартылады. Немесе шартты түрде әртүрлі өңірде үш түрлі тетікті жүзеге асырып көрерміз. Қайсысы нәтижелі болса, соны өз елімізде әрі қарай дамытамыз", - деп түсіндірді ол.
Жаңалықтар
0