"Қашанғы көз жұмасыздар": депутаттар мұнайшылар митингісінен кейін үкіметке шүйлікті
© Sputnik / Арман АскаровМұнайшылардың ереуілі
© Sputnik / Арман Аскаров
Жазылу
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Маңғыстау облысынан сайланған мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығынан кейін премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Еділ Жаңбыршин соңғы жылдары еліміздің батысында мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялар жұмысшыларының ереуілдері жиілеп кеткенін атап өтті. Күні кеше бір топ маңғыстаулық мұнайшы өңірде өз мәселелері шешілмеген соң, Астанаға келді. Дәл осындай оқиға елордада былтыр да болған.
Бірнеше сервистік компания "Самұрық-Қазына" қоры ережелерінің талаптарының ескіргенін және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтінін бұған дейін де айтып, шағымданған. Алайда үкімет, "Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбады, тиісті нәтиже болмады.
"Ал Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде сізге хат та жолдадық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер. Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең "қолымызды мезгілінен кеш сермедік" деп жүрмеңіздер", - деп ашуланды Жаңбыршин премьерге депутаттық сауал жолдап.
Айтуынша, сервистік және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өздеріне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ мына факторлар – тендердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр.
"Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан "БерАли Маңғыстау Company" мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді олар да айтты. Компанияның ресми өтініші бойынша жұмыстар атқарылып, құзырлы органдарға хат жолданды", - деп мәлімдеді мәжілісмен.
Депутаттар "Самұрық-Қазына" қоры өз ережелеріне мынадай өзгерістерді шұғыл түрде енгізуі қажет деп есептейді:
біріншіден, баға демпингісіне шектеу қою. Мысалы тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу;
екіншіден, сервистік компаниялармен көпжылдық келісім-шарттарға отыру, яғни компаниялар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.
үшіншіден, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек.
"Бұл жұмысшылардың дұрыс жалақы алуына, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл болады және тендерді ұтып алған компаниялардағы жағдайды мемлекеттік органдар мен тапсырыс беруші тарапынан бақылап отыруға мүмкіндік туады", - деді Жаңбыршин.
Бұдан бөлек, депутаттар кешегі дау туғызған тендерлік процедураларды жан-жақты зерттеп, егер кемшіліктер анықталса, тиісті шешім қабылдамаған квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарастыруды талап етті.
"Конституцияға сәйкес еліміздің байлығы халыққа тиесілі, яғни қазба байлық тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі керек. Сондықтан "Самұрық-Қазына" қоры және оның портфельдік компаниялары жаңаша, ашық, әділ жұмыс жасап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға нақты қадамдар жасасын", - деп түйіндеді сөзін депутат.