Ардақ Назаров ЛГБТ жайлы: ауруды қазақ қоғамына жұқтырып алдық

© AFP 2024 / Pau BarrenaАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында ЛГБТ-ны насихаттайтын фильмдер мен сериалдарға қатаң тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат 8 сәуірде Астанада феминистер шеруі өткенін еске салды.
"Бұл күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митинг болады деген. Бірақ олай болмады. Жиналғандар әйел теңдігін айтудан бастап, соңында өздерінің азғын жолдарын насихаттады. Өрімдей балалар, арасында оқушылар да бар, ЛГБТ жалауын жамылып жүр", - деді Назаров.
Айтуынша, соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Депутаттың пікірінше, олардың бұл істері Жаратушының да, табиғаттың да, адамзаттың да заңына қарама-қайшы. Насихаттаушылардың артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұр.
"Ең сорақысы, гей-пропаганда қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де ашық насихатталып жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан анық көріп жүрміз. Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады дейді атам қазақ. Өкінішке қарай, біз сол ауруды қазақ қоғамына жұқтырып алдық. Бұл бәлкім идеологияның әлсіздігінен шығар. Енді қанымызға сіңіп кетпей тұрғанда дереу алдын алу шараларын қолға алу қажет", - деп санайды мәжілісмен.
Ол осы депутаттық сауалдан кейін қоғамда түрлі пікірлер мен тартыс болуы мүмкін екенін айтты.
"Алайда осындай қарама-қайшы пікір айтатын, қарсы шығатын азаматтарға айтарым: күндердің бір күнінде ертең сіздің ұлыңыз, немереңіз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен "отау құрып" жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Бұл үлкен қасірет. Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе?", - деп ашынды депутат.
Назаров ЛГБТ-ның азғын идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарының тоз-тозын шығаруды көздейтінін атап өтті. Ал дәстүрі мен руханиятынан айрылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды.
"Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек. Кеше алаңда ЛГБТ жалауын жамылып жүрген балалар бөтен емес, ол – сіздің де, менің де балам, ол – қазақтың қаракөздері. Бәле менің үйіме келмесе болды деп алаңсыз жүре алмаймыз. Келетін індет келіп болды, оның тамырына қазір балта шаппасақ, ертең бармақ шайнап қалатынымыз айдан анық", - деді Назаров.
Осыған байланысты ол вице-премьерден митингке келген балалардың ата-аналарынан сұрау алуды, барлық платформада, соның ішінде әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сай келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге және насихаттауға қатаң түрде тыйым салуды талап етті.
Сонымен қатар теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеп, парламенттің қарауына енгізуді, республика көлеміндегі оқу орындарында ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттау сабақтарын оқытуды ұсынды.
Жаңалықтар
0