Шымкентте автобус апатынан қаза тапқандар саны 5 адамға жетті

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Шымкентте қоғамдық автобус қағып кеткен тағы бір бала көз жұмды. Осылайша жантүршігерлік көлік оқиғасынан қаза тапқандардың саны бес адамға жетті, деп хабарлады Хабар 24.
Екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында көз жұмса, кәмелетке толмаған тағы екі жасөспірім жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Соңғысы 2006 жылғы жасөспірім. Дәрігерлер науқасты аман алып қалуға тырысқанымен оның жүрегі тоқтап қалды.
Апаттан зардап шеккен тағы бір науқас қазір ауруханада жатыр. 2005 жылғы қыздың жағдайы қалыпты. Қазір дәрігерлердің жіті бақылауында.
"Осы жылдың 8 сәуірінде жедел жәрдем қызметіне сағат 18:43-те шақырту түскен. Оқиға орнына 4 жедел жәрдем бригадасы барды. Оқиға салдарынан 6 адам зардап шеккен. Оның үшеуі оқиға орнында көз жұмған. Ал үш азамат жағдайының ауырлығына байланысты жедел жәрдем қызметімен жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген. Соның ішінде облыстық балалар ауруханасы мен перинаталды орталыққа жеткізілген екі науқас реанимациялық көрсетілген шараларға қарамастан ауыр жарақат салдарынан көз жұмды", - дейдіқалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.
Ал қалалық полиция департаменті апаттың мән-жайын хабарлады. Ресми ақпарат бойынша қоғамдық көліктің жүргізушісі жұмысын аяқтап, автобусты қол тежегіште қалдырып кеткен. Осы сәтте көлік төмен қарай құлдилай жүріп, жылдамдығын арттырған. Кейін жолдың қарсы бағытына шығып, жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Бұл кезде автобус ішінде жүргізуші болмады.
Апат кеше кешкі сағат жетілер шамасында болған. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобустың жарамдылығын анықтайтын автотехникалық сараптама тағайындалды.
"Қазіргі таңда Шымкент қаласы ПД АБ қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Сараптамалар тағайындалды. Автобустың жүргізушісі қамауға алынды", - деп атап өтті Шымкент қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Жаңалықтар
0