Қоғам

Мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасамаған ұйымдар 60 млн теңге айыппұл төледі

© Fotolia / Peter AtkinsАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Былтыр мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу аясында мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және тағы басқа салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне 1062 тексеріс жүргізілді.
Оның қорытындысы бойынша бірқатар заңбұзушылық анықталып, 900-ден астам ұйғарым берілді. 60 млн теңгеден асатын сомаға 300-ге жуық әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Заңбұзушылықтардың ең көбі Түркістан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында анықталды. Негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлік және 2015 жылға дейін пайдалануға берілген объектілерге тиесілі.
Айта кетері, жергілікті жерлерде объектілерді бейімдеу және осы ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі шараларды мониторингтеу үшін мүгедектігі бар адамдарға "Қолжетімділіктің интерактивті картасы" порталы жұмыс істейді. Порталдағы деректерді жергілікті атқарушы органдар толтырады. Мүгедектігі бар адамдар белгілі бір мекемеге барар алдында, үйден шықпай (компьютерден немесе телефоннан) оның бейімделу дәрежесін көре алады, сондай-ақ кейін қолжетімділікке баға бере алады.
Парламент сенаты қабылдаған Әлеуметтік кодексте "әлеуметтік инспектор" ұғымы енгізілген. Ол Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы бақылау функцияларын іске асырады. Бұл функциялар еңбек министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменттерінің қызметкерлеріне берілді.
Өңірлік деңгейде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде 227 мониторингтік топ құрылды. Олардың құрамына 1630 адам кірді, оны аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бекіткен.
Министрлік объектілерде құрылыс және бейімдеу іс-шараларының маусымы басталатынын атап өтті.
"Нысан иелері күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты мониторингтік топтардың мүшелері биыл бейімделуге жоспарланған барлық объектіні тексеруі қажет", - делінген хабарламада.
Жаңалықтар
0