Қоғам

Депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдарына 550 млн теңге ұрлау ісі бойынша сот үкімі шықты

© Sputnik / Абзал КалиевЖигули Дайрабаев
Жигули Дайрабаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2023
Жазылу
Марат Дайрабаев пен Дидар Молдахалық 550 млн теңге субсидия ұрлады деп айыпталды
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Тараз соты президенттікке экс-кандидат, мәжілістің қазіргі депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты алаяқтық туралы қылмыстық істі қарады. Бұл туралы жұма күні соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық іс сотқа Жигули Дайрабаев қатысқан президент сайлауына дейін түскен. "Ауыл" партиясы атынан сайланған депутаттың ұлдарымен бірге сот алдына тағы екі адам барды.
Қылмыстық іс бойынша Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев, кәсіпкер Елжан Елібай және Дайрабаевтың ұлдары – Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев айыпталды.
Сот анықтағандай, айыпталушылар "Альбион" құлпынай көшеттерін сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алып, бір бөлігін жеке қажеттілігіне жұмсаған. Мемлекетке 550 849 430 теңге шығын келтірілді.
Сот төртеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Осылайша Ерлан Күлкеев 6 жылға, Елжан Елібай 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, әрқайсысы шартты түрде 5 жылға сотталды.
Бұдан бөлек, сот Жамбыл облысы әкімдігі қаржы басқармасының мемлекеттік шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:
Күлкеев пен Елібайдан мемлекет пайдасына – ортақ тәртіпте 167 924 830 теңге;
Күлкеев, Елібай, Дайрабаев және Молдахалықтан – ортақ тәртіпте 92 400 000 теңге;
Дайрабаев пен Молдахалықтан ортақ тәртіпте 290 524 600 теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтар
0