Ата-анасы соққыға жыққан бала оқитын мектептің директоры қызметінен босатылды

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында патронаттық ата-анасының үнемі соққыға жығуына байланысты үйінен қашып кеткен бала оқыған мектептің директоры жұмыстан босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыс прокуратурасында өткен жиында кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі қаралды. Әсіресе Уәлиханов ауданында болған оқиғаға ерекше назар аударылды. Осы жылдың ақпан айында бұл ауданда 10 жасар бала патронаттық отбасында жүйелі түрде соққыға жығылуы салдарынан үйінен қашып кеткен.
"Патронаттық тәрбиеші кәмелетке толмаған баланы әбден қорлаған. Баланың денесі көгеріп мектепке келіп жүрген, бірақ оған ешкім мән бермеген", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Әбу Әли Саттар.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова аудандық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі әдіскері, мектеп директоры міндетін атқарушы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог және педагог-психолог өз қызметтік міндеттерін орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
"Мектеп директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды. Патронаттық ата-ананың әрқайсысы 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды", - деді Протопопова.
Облыс прокурорының орынбасары патронаттағы барлық бала қатаң әрі тұрақты бақылауға алынуы керектігін баса айтты.

Соққыға жығылған бала

Еске салсақ, 25 қаңтарда Уәлиханов ауданындағы ауылдардың бірінде 10 жасар бала белгісіз бағытқа кетіп, жоғалып кеткен. Оны полицейлер, өрт сөндіру қызметінің, төтенше жағдайлар бөлімінің, аудан әкімдігінің қызметкерлері жабылып іздеді. Сонымен қатар Жасқайрат, Қайрат, Қулыкөл және тағы басқа ауылдардың жанашыр тұрғындары іздеу жұмыстарына белсенді көмек көрсетті.
27 қаңтарда бала сол ауылдағы қараусыз қалған үйден табылған. Бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді.
Бұл іс БАҚ-та тараған соң Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылының тұрғыны "НеМолчиKZ" қорына хабарласып, баланың үйден кетуіне патронаттық ата-анасының жүйелі қорлауы себеп болғанын айтып берді.
Оның айтуынша, бала үш жасынан бері осы отбасында тұрады. Бірақ асырап алған ата-анасы оны жиі ұрып-соғып, жұмыс күші ретінде қанап ұстаған, тіпті оған дұрыс тамақтануына мүмкіндік бермеген. Тыңдамағаны үшін оны терезесі жоқ моншаға қамап тастайтын болған. Баланың айтуынша, оны айырмен ұрып, психологиялық және физикалық күш көрсеткен.
Облыстық прокуратура хабарлағандай, кәмелетке толмаған бала 2017 жылдан бері осы ауылда тұратын ерлі-зайыптының (екеуі де 1959 жылы туған) патронаттық тәрбиесінде болған. Сонымен қатар прокуратура балада дене жарақатының болғанын растады. Тексеру нәтижелері бойынша жұмсақ тіндердің көп тұстан көгеруі деген диагноз қойылды.
Жаңалықтар
0