Орталық Азия елдері бірыңғай су-энергетика кешенін қайта құруға ниетті

© Sputnik / Илья Наймушин / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2023
Жазылу
Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығының алаңында Бішкек – Астана арасындағы бейнекөпір өтті
АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Екі елдің сарапшылары Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы жобасын бірлесіп жүзеге асыру идеясын талқылады.
"Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның энергетикалық қауіпсіздігін шешуге тамаша мүмкіндік болар еді. Бұл ең алдымен Қырғызстанның энергетикалық мәселелерін шешер еді. Өйткені мемлекет маусымдық энергияны Қазақстаннан сатып алуға мәжбүр", - деді энергетика саласындағы қазақстандық сарапшы Алмаз Әбілдаев.
Оның пікірінше, бұл жобаны жүзеге асыруға көмектесуге ниетті Қазақстан мен Өзбекстан белгілі бір сын-тәуекелдерге тап болады. Бұл біріншіден Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық болып отыр.
Жобаны жүзеге асыру барысында инвесторларды қолдауда биліктің саяси сабақтастығы бола ма? Осыған байланысты инвестицияны қайтару кепілдігі болуы керек. Спикер барлығы осы мәселелерге тірелетініне және олар оң шешімін тапса ғана жоба жүзеге асатынына сенімді.
"Бұл нысанның құрылысы электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қана қоймай, сумен қамтамасыз ету мәселелерін де реттейді. Ал бұл барлық Орталық Азия елдері үшін өте маңызды мәселе. Осы мәселелерді бірлесіп шешсек, бұл барлығы үшін үлкен жетістік болады", - деді Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығы төрағасының орынбасары Рустамбек Спанов.
© Sputnik / Владислав ВодневРустамбек Спанов
Рустамбек Спанов - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2023
Рустамбек Спанов
Оның айтуынша, энергетика саласының дамуы озық болуы керек. Жобаның құны соңғы тұтынушыға әсер етеді, бірақ энергетикасыз экономиканы құру мүмкін емес, деп санайды Спанов.
Ол тіпті атом электр станциясын іске қосудың өзі Қазақстандағы энергия қуатының тапшылығы мәселесін шеше алмайтынын айтты. Сондықтан ол жаңа энергетикалық нысандардың, әсіресе "жасыл" санатқа жататын нысандардың пайда болуын құптайды.
Қырғыз сарапшылары өз кезегінде ГЭС құрылысының техникалық параметрлері мен құнына тоқталды. 2014 жылы жүргізілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, жоба сол кезде 2,9 миллиард долларға бағаланды. Ол биіктігі 256 метр бөгет пен қуаты 1,8 ГВт электр станциясының құрылысын қамтыды.
© Sputnik / Владислав ВодневРустамбек Спанов
Рустамбек Спанов - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2023
Рустамбек Спанов
"Қазір жобаның құны айтарлықтай өседі. Артықшылық ретінде жаңа ГЭС су аз жағдайда да жұмыс істей алатынын айтуға болады. Бұл жұмыс істеп тұрған станциялар үшін үлкен проблема саналады. Сонымен қатар салынып жатқан бөгет 5,6 миллион текше метр судың жиналуына мүмкіндік беріп, бұл бүкіл облысты сумен қамтамасыз етуге оң әсер етуге тиіс", - деді "Электр станциялары" ААҚ ұзақ мерзімді даму және күрделі құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ибрагим Әлиев.
Алдын ала есептеулер бойынша Оңтүстік Азия елдеріне электр энергиясын экспорттау 230 миллион доллар пайда әкеледі. Бұл ретте осы пайданы алу құны шамамен 30 миллион долларды құрайды.
"Бұл жобаның қаржылық тұрақтылығын және тоғыз жыл ішінде жүзеге асырылатынын айтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөгет құрылысы ең қиын іс болып саналады. Апат болған жағдайда да ағыстан төмен орналасқан Тоқтоғұл ГЭС шығынның орнын толтыра алады", - деді Әлиев.
Тағы бір қырғыз сарапшысы, "Аппликата" стратегиялық шешімдер қабылдау орталығының атқарушы директоры Кубат Рахымов Ауғанстан мен Пәкістанға электр қуатын экспорттауға үміт артпай, көрші елдермен біртұтас энергетикалық жүйені дамытуға шақырды.
"Ауғанстан тек транзиттік ел. Пәкістан соңғы жылдары атом энергетикасын сәтті дамытып келеді. Сондықтан Қамбар-Ата ГЭС жұмыс істей бастағанда ол электр энергиясына мұқтаж болмай қалады. Сол себепті бұл тұста жобаның өзін-өзі ақтауына және жалпы алғанда энергияны осы аймаққа экспорттауға қатысты сын-қатер бар", - деп есептейді Рахымов.
Ол Орталық Азиядағы энергетикалық нарықтың қалыптасуын 2025 жылдан бастап жұмыс істеуге тиісті ЕАЭО-дағы дамушы электр энергиясы нарығымен қатар қарастыруды ұсынды.
"Оңтүстік Азия нарығына үміт артпай, көрші елдермен болашаққа қарауымыз керек", - деді Рахымов.
Оның пікірінше, тәуелсіздік жылдарында аймақ елдері арасында "салааралық тепе-теңдік" ұғымы жойылды. Олар нарық бәрін реттейді деген қағиданы басшылыққа алғанымен, олай болмады. Сондықтан сарапшы энергетикалық "егемендік" туралы тезисті ысырып, бірін-бірі толықтыру режиміне көшу керек екенін айтты.
"Біз осы "егемендікті" нығайту үшін ондаған миллиард доллар жұмсадық. Нәтижесінде біз қайта интеграциялануымыз керек деген қорытындыға келдік. Бұл мәселеде біз бір-бірімізді қай салада, яғни энергетика, су мәселесі бойынша толықтыра алатынымызды, аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жағын қарастыруымыз керек. Мысалы, гидростанциялар судың аздығынан жиі зардап шегеді. Егер біз судың төмен айналымына тап болсақ, бұл Қырғызстанның ғана емес, Тәжікстанның да проблемасы", - деді Рахымов.
Оның айтуынша, электр қуатының 70%-ке жуығын өндіретін Қазақстандағы ЖЭС экологиялық міндеттемелердің қысымында тұр.
"Сондықтан біздің елдердегі мұндай ішкі теңгерімсіздік интеграция үшін қуатты ынталандыру болып саналады. Осыған байланысты Қамбар-Ата ГЭС бүкіл аймақтың біртұтас энергетикалық жүйесінің элементіне айналар еді деп ойлаймын", - деді қырғыз сарапшысы.
Жаңалықтар
0