Мұғалімдерді аттестаттау процедурасы өзгереді

© AP Photo / Thanassis StavrakisУчительница работает за компьютером в пустом классе
Учительница работает за компьютером в пустом классе  - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 4 сәуір – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі аттестация процедурасын автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау аттестаттау арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі қолданыстағы ережелерге сай аттестаттау рәсімі 3 кезеңнен тұрады – біліктілікті бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдау, білімді бағалау.
Министрдің айтуынша, аттестациядан өту үшін мұғалімдер бірнеше проблемаға тап болады. Ең алдымен, мұғалімдер электронды және қағаз нұсқада көп құжат жинауға тиіс. Екіншіден, аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттарды тым ұзақ қарайды. Бұдан қоса, тест тапсырмаларының сапасында да олқылықтар бар.
"Сонымен қатар басты мәселелердің бірі – аттестаттау процесінің объективтілігін, ашықтығын және академиялық адалдық принциптерінің сақталуын қамтамасыз ету. Осы мәселерді реттеудің басты құралы ретінде аттестаттау процесін автоматтандыру қолға алынды. Қарапайым тілмен айтқанда аттестация жүйесі "бір батырма" принципімен жүргізіледі", - деді Бейсембаев үкімет отырысында.
Яғни, мұғалім тек аттестациядан өтуге ниет білдіргенін растайды, ал аттестациядан өтушінің жеке құжаттары және оның біліктілігінің деңгейін анықтайтын тиісті материалдарды ақпараттық жүйе автоматты түрде жинақтап, талдап, қысқа уақыттың ішінде қорытындысын шығарады.
"Бұл адами факторды толықтай шектеп, объективтілік пен транспаренттікті орнатуға ықпал етеді", деп сендірді министр. Педагог қызметінің жоғары кәсібилігі мен жетістігін оқушылардың нәтижелі көрсеткіштерімен тікелей байланыстыруға басымдық беріледі. "Зейнет жасына дейін 5 жыл қалған мұғалімдерді, егер олар жұмысын әрі қарай жалғастырмайтын жағдайда, аттестаттау рәсімінен босату қарастырылуда", - деді Бейсембаев.
Жаңалықтар
0