Қоғам

Күдебаев шекарадан ресми жұмыс істейтін өткізу бекеттері арқылы өткен жоқ – ҰҚК

© Sputnik / Сергей КимСерік Күдебаев
Серік Күдебаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелге қашып кеткен Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев шекарадан ресми жұмыс істеп тұрған өткізу бекеттері арқылы өтпегенін мәлімдеді.
"ҰҚК Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтың ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды", - делінген хабарламада.
Ведомствоның ақпаратынша, қазір шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесіп, тексеріс жүріп жатыр.
Тексеріс нәтижесі қосымша хабарланады.
Бүгін, 3 сәуір күні Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа іздеу жарияланды. Оған экс-полицейдің елден қашуы себеп болды. 23 наурызда Күдебаев қазақ-қырғыз шекарасын кесіп өтіп, сол күні Бішкектен Стамбулға ұшып кеткен.
Еске салсақ, Серік Күдебаевқа қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаннан кейін Күдебаев сотқа баруды тоқтатты. Отырыс генералдың келмеуіне байланысты 5 рет кейінге шегерілді. Кейбір БАҚ Алматы полициясы экс-басшысының елден қашып кеткені туралы хабарлады.
Бұған дейін Жетісу облысының соты сотталушының 3 сәуірге белгіленген келесі сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілетінін хабарлаған болатын.
Атышулы іс бойынша сот талқылауы 5 қаңтарда басталып, күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. 28 ақпанда облыстық соттың ғимаратында өткен тараптардың жарыссөзінде прокурор сотталушыны 9 жылға соттауды және арнайы атақтары мен мемлекеттік наградаларынан айыруды, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады.
Жаңалықтар
0