Үкімет тізгінін қайта қолға алған Смайылов қандай мәселелерді шешетінін айтты

© PhotoАлихан Смаилов
Алихан Смаилов - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Премьер-министр лауазымына қайта тағайындалған Әлихан Смайылов үкімет алдағы уақытта қандай мәселелерге баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Смайылов өзінің кандидатурасын қолдаған депутаттықтарға алғыс айтты.
"Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз айқындап берген әлеуметтік-экономикалық сұрақтар, әрі қарай даму, халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру үкіметтің негізгі басымдықтары болады. Ең алдымен біз президенттің сайлауалды бағдарламасын және Amanat партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге басқа партиялар мен депутаттардың, бизнес қауымдастықтың, басқа азаматтарымыздың сындарлы ұсыныстарын ескереміз", - деді премьер-министр.
Айтуынша, орта мерзімді кезеңде экономиканың өсуін 5%-ке жеткізу және осы жылдың аяғына дейін инфляцияны екі есе төмендету – үкімет үшін өте маңызды міндет.
"Кәсіпкерлікті қолдау және бизнес климатты жақсарту жөніндегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтардың нақты табысын өсіру негізгі бағыттардың бірі болады", - деді үкімет басшысы.
Бұдан бөлек, министрлер кабинеті мына мәселелерді шешуге басымдық береді:
экономиканы әртараптандыру, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету және қосылған құны жоғары шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайту;
ел экономикасына, бірінші кезекте өңдеуші салаларға ауқымды инвестиция тарту;
ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту;
ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету;
"Тариф орнына инвестиция" бағдарламасын іске асыру;
"Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту;
Көлік және логистика саласының өткізу қабілетін арттыру және халықаралық дәліздерді дамыту;
білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтердің тиімділігі мен сапасын жақсарту;
цифрландыруды әрі қарай жалғастыру, мемлекеттік бірыңғай цифрлық платформаны енгізу.
"Үкіметтің алдына қойылған барлық міндетті шешу үшін тиісті іс-шаралар қолданылады. Парламент депутаттары өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс жасаймыз деп сенім білдіремін", - деп сендірді Смайылов.
Еске салсақ, бүгін мәжіліс премьер-министр лауазымына Әлихан Смайвловты тағайындауға келісім берді. Оның кандидатурасын 82 депутат жақтаса, жеті депутат қарсы дауыс берді. Сегіз мәжілісмен қалыс қалды.
Жаңалықтар
0