"Қарама-қайшылық бар": сарапшылар премьер-министрдің кандидатурасына қатысты болжам жасады

© Sputnik / Владислав ВодневЗаседание правительства
Заседание правительства - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Мәжіліс сайлауында дауыстың басым бөлігіне ие болған "Amanat" премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады. Осы жұмысқа бұрынғыдай президент араласа алмайды. Себебі партия төрағасы емес.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, саяси жауапкершілік те премьерді ұсынған партияға жүктеледі. Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат берген саясаттанушылар үкімет басшысының кандидатурасына қатысты өз ойын айтты. Сондай-ақ, осы рәсімнің қарама-қайшылығын түсіндірді.

Смайыловтан басқа ешкім жоқ па?

Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтың ойынша, үкіметтің құрамы сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Бірақ премьер қалады.
"Бәлкім, үш-төрт министр ауысады. Ал үкімет басшысы қызметіне Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қайта ұсыну мүмкіндігі жоғары сияқты. Мен өзім министрлер кабинетін басқара алатын басқа кандидатура көріп отырған жоқпын. Ерлан Жақанұлын қарастыруға болатын еді. Алайда ол мәжіліс спикері болып қайта сайланды", - дейді Майгелдиев.
Сарапшы президенттің сайлауалды бағдарламасын да еске салды. Әлихан Смайылов оны орындау шараларын бастап кеткен.
"Сондықтан Смайылов мырза өз орнында қалуы әбден мүмкін. Енді, облыс басшыларының ішінен басқа кандидатураларды қарастыруға болатын еді. Бірақ олардың басым бөлігін жақында ғана тағайындады. Сондықтан қазір тәжірибе тұрғысынан үкіметті басқара алатын басқа адам жоқ сияқты. Оған қоса, бізде кадрлық тапшылықтың бар екенін де ұмытпау керек. "Amanat" партиясы қайтадан Смайылов мырзаны ұсынатын сияқты", - деп атап көрсетті Майгелдинов.

Өз көзқарасы бар кандидат болмай тұр

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед әріптесінің пікірімен келіспейді. Оның ойынша, басқа кандидаттар бар. Олар да тапсырманы орындата алады. Бірақ өз көзқарасын қорғай білетін адам табу қиын.
"Бір жағынан мықты және қатаң премьер керек. Сосын ел экономикасын дамыту бойынша өз көзқарасын жеткізіп қана қоймай, соны қорғай алатын адам болуы қажет. Ашығын айту керек, көзқарас тұрғысынан бізде адам мүлдем жоқ деуге болады. Себебі "елбасизмнің" салдарынан өз көзқарасы мен пікірі бар адамдар күрт азайды. Барлығы тапсырманы орындаумен ғана айналысып кетті", - деді Нұрмұхамед Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, мықты және қатаң басшыларды табуға болады. Олар берген тапсырманы орындауға күш салады.
"Мысалы, Қанат Бозымбаев, ол ұзақ уақыт бойы энергетика министрі болған. Ал энергетика, мұнай және газ Қазақстан экономикасының негізі болып саналады. Осы салада жұмыс істеген адамның тәжірибесі мол. Бірақ президент екеуінің арадағы жұмыс бабымен қарым-қатынасы қандай? Мәселе сонда", - деп атап көрсетті Нұрмұхамед.
Ал бұрынғыдай сабақтастық қағидаты сақталса, үкімет басшысының бірінші орынбасары немесе орынбасарының кандидатурасы қарастырылуы мүмкін.
"Орынбасарлардың ішінде Жұманғарин деген кісі бар. Өз-өзіне сенімді, салқынқанды. Сосын премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Жамаубаев бар. Бірақ оған тәжірибе жетпей тұрған сияқты. Үкіметті басқара білу керек. Оған қоса, премьер-министрдің жасын да ескеру керек. Үлкен-орта жастағы адамның болғаны дұрыс. Былайша айтқанда, жасы орташа, бірақ басқалардан үлкен болуы керек", - дейді саясаттанушы.

Өз көзқарасы бар премьердің моделіне ұмтылу керек

Нұрмұхамед ел тарихында азды-көпті дербес екі премьер болды деп санайды. Олардың өзіндік көзқарасы болды және өздігімен жұмыс істеуге қорыққан жоқ.
"Бірінші, ол - Әкежан Қажыгелдиннің кезеңі. Одан кейін Нұрлан Балғымбаев, оның тұсында өте реформаторлық үкімет болды. Жас мамандар жұмыс істеді. Ал Балғымбаев аға буын өкілі ретінде басқарып отырды. Негізі, осы дербес премьер моделіне қайта оралып, ары қарай дамыта беруіміз керек", - дейді сарапшы.
Саясаттанушының ойынша, парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Тоқаевтың үкіметке қатысты сынынан кейін Смайыловты қайта ұсынбайды.
"Бірақ "жаңаны таба алмай отырмыз, барымен базар" десе, Смайыловты ұсынуы мүмкін. Сосын тағы бір мәселені ескеру керек, президент ауқымды реформаларға барып отыр. Қауіп-қатерлер де жоқ емес. Сондықтан транзит кезінде "өтпелі кезеңнің тұлғалары" да табылып қалатын шығар", - деп атап көрсетті Нұрмұхамед.
Осы орайда сарапшы премьер-министрді ұсыну тұрғысынан қарама-қайшылықтың бар екенін де ерекше атап өтті.
"Премьердің кандидатурасын "Amanat" ұсынса, үкімет те партиянікі болады ғой. Сосын президент саяси жауапкершілік туралы айтты. Демек, сайлауда жеңген партия өзі ұсынған үкіметті қорғауы тиіс. Оны қалай сынайды? Бұл жерде қарама-қайшылық бар. Сонда қалай? Парламенттік оппозиция үкіметті сынайды. Ал "Amanat" қорғай ма? Меніңше, осы қарама-қайшылықтар уақыт өте келе күшейіп, дағдарысқа әкеліп соқтырады. Үкіметті отставкаға жіберуге немесе парламентті таратуға тура келеді", - дейді Нұрмұхамед.
Жаңалықтар
0