Оқушыларға қандай жағдайда ораза ұстауға болады – Нұрлан имам жауап берді

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Қасиетті рамазан айы басталғалы бері "балаларға оразада ауыз бекітуге бола ма?" деген сауал қоғамда тартыс тудырып жатыр. Әлеуметтік желіде мектеп мұғалімдері ауыз бекіткен оқушылардың оқу үлгерімі төмендеп, өздерін әлсіз сезінетінін айтып шулады. Дәрігерлер жас ағзаның ашығуы мен зорығуы созылмалы дертке әкелуі мүмкін екенін айтты. Дін өкілдері де ораза ұстап, баланың денсаулығына зиян келтіруге болмайтынын мәлімдеді. Ал егер басқа қиындық тудырмаса, оны бұл әрекеті үшін жазалау дұрыс емес дейді.
Имам Нұрлан Байжігітұлының пікірінше, балалардың басқаға еліктеп, ораза ұстауы бұл қоғамның түпкі тәлім-тәрбиесіне келіп тіреледі.
"Ол да бір үлес. Бірақ ораза ұстаған балалар бір нәрсені аңғаруы керек. Денсаулығына қарау керек. Денсаулығына зиян келмейтін адам ғана ораза ұстауы керек. Оразада басы айналып құлап қалмау керек, оның оқуына зиян тимеу керек. Сабақта отырып ұйықтап қалатындай болмау керек", - дейді имам.
Ал дәрігерлер егер бала күні бойы тамақ ішпесе, бұл оның өсуіне теріс әсерін тигізеді дейді. Сондықтан оразаны дене толық қалыптасқаннан кейін ұстауды ұсынады. Айтуларынша, 25 жастан асқаннан кейін ғана ауыз бекітуге болады, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Ұзақ уақыт тамақтанбау қандағы қант деңгейінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ол мидың ойлау процестеріне кері әсер етеді. Бұл баланың мектептегі үлгеріміне де әсер етеді. Сонымен қатар ұзақ уақыт су ішпеудің көптеген жағымсыз салдары бар. Одан бала әлсіреп, басы айналады", - деп атап өтті дәрігер Арман Әлібеков.
Шариғат бойынша дені сау адам ораза ұстауға міндетті. Ал балиғат жасына толмаған балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау шарт емес. Мұны дін өкілдері растайды. Айтуларынша, балиғатқа толмаған жас баланың ағзасында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Сондықтан балаларды ораза ұстауға мәжбүрлеудің қажеті жоқ.
Жаңалықтар
0