Маңғыстау облысында жұмыссыз тұрғындар жолды жауып тастады

© Sputnik / Абзал КалиевПатрульный полицейский выехал на дежурство
Патрульный полицейский выехал на дежурство  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 27 наурыз - Sputnik. Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары жолды жауып тастады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
27 наурыз күні сағат 10.40-та Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, ауыл әкімдігінің алдына жиналған. Олармен Жетібай ауылының әкімі Н.Елбаев кездесті.
"Жергілікті атқарушы органдар мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мұнай компанияларындағы бос жұмыс орындарына сәйкес жүргізіліп жатқанын түсіндірген. Алайда, азаматтар тез арада жұмысқа орналастыруды талап етіп, заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырып, Жетібай мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастады. Қоғамдық тәртіпті бұзып, көліктер мен адамдардың жүріп-тұру еркіндігін шектеді", - деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Қыдырберді Беков түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үшін жиналғандарды Жетібай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында шақырып, жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Қыдырберді Бековтың айтуынша, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес.
Сонымен қатар жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет. Әкімдік мәліметінше, былтыр Қарақия ауданының жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп 3 349 адам жүгінді. Оның ішінде 2 938 адам жұмыспен қамтылған. Барлығы 1 909 адам жұмысқа орналастырылды (тұрақты жұмысқа 1480 адам, субсидияланатын жұмысқа 429 адам), жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларымен 1029 адам қамтылды.
Ал 2023 жылға арналған жұмыс орындарын құрудың облыстық картасына сәйкес Қарақия ауданында 3287 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл бағытта бюджеттен 708,0 млн теңге бөлінген.
Жаңалықтар
0