Комиссия мүшелері сайлау учаскелерінен шеттетілді – Бас прокуратура

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.03.2023
Жазылу
Олар сайлаушыларға туыстары үшін дауыс беруге рұқсат еткен
АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Бас прокуратура мониторинг нәтижесінде сайлау туралы заңнаманы бұзудың 9 фактісін тіркеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бас прокуратура қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Азамат Сарғазиннің айтуынша, заңбұзушылықтар үш өңірде – Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы сайлау учаскелерінде, Жетісу облысының Қаратал және Кербұлақ аудандарындағы учаскелерінде, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Жамбыл аудандарындағы учаскелерде тіркелген.
"Бұл заңбұзушылықтар комиссия мүшелері тарапынан азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік берумен байланысты. Яғни сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері сайлаушылардың өтінішімен оларға туысқандары үшін дауыс беру үшін бюллетень берген. Сол арқылы тең сайлау құқығы туралы талапты бұзған", - деді Сарғазин республикалық телеарнада өтіп жатқан "Сайлау– 2023" онлайн марафонында.
Ол бюллетень берген барлық комиссия мүшесі сайлау учаскелеріндегі жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді. Қазір жергілікті прокурорлар оларды Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 110-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту үшін шаралар қабылдап жатыр.
Басқа сайлаушы үшін дауыс беру жолымен тең сайлау құқығы туралы талапты бұзғаны үшін кінәлілер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы бойынша әкімшілік жазаға тартылады.
"Бірақ бұл бірлі-жарым жағдай", - деді бас прокуратура өкілі.
Осы орайда ол сайлау туралы заңға сәйкес, әрбір сайлаушы өзі дауыс беретінін атап өтті. Дауыс беру құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге тыйым салынады.
Дауыс беру басталғалы бері ықтимал заңбұзушылықтар туралы 32 өтініш түскен. Соның ішінде жетеуі бас прокуратураға бағытталды.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, келеңсіз мінез-құлыққа байланысты сайлау учаскелерінен 9 азамат шығарылды.
"Полиция қызметкерлері штаттық режимде қызмет етіп жатыр. Ел көлемінде 506 жабық сайлау учаскесінің 322-сінде дауыс беру аяқталды. Жалпы елімізде саяси қоғамдық ахуал тұрақты", - деді ол.
Бас прокуратура - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.03.2023
Дауыс беру кезінде заң бұзылғаны туралы 25 арыз түсті – Бас прокуратура
Жаңалықтар
0