Жұмыссыз қалғандар 6 айға дейін бұрынғы жалақысының 45 процентін алады

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Жұмысынан шығып қалған азаматтар 6 айға дейін айлығының 45 процентін алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес есептеледі, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Ай сайын айлықтан төленетін сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сәйкес жасалған жүйе. Енді оның мақсаты өзгереді, бірақ негізі сақталады. Жүйе әлеуметтік төлемге ғана бағытталмайды, азаматтарды формальді жұмыс істеуге ынталандыруды да көздейді.
"Жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер арасындағы байланысты күшейту, үшіншіден әлеуметтік жарналарды уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту басты мақсат болмақ. Мысалы жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр", - дейді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту, ауылды жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көбейту жайы қарастырылуда. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу де жоспарда бар. Бұл орайда сенат төрағасы бірқатар ұсыныс білдірді.
"Жұмыс істеймін деген мүгедектігі бар адамдар болса, оларды жұмысқа тұрғызуға біз көмектесуіміз керек. Олар өзін-өзі қамтамасыз етіп, адамдармен араласып, ортаға кіру үшін жұмысқа тұруы өте маңызды. Егерде мүмкіндіктері болып жатса. Осындай адамдардың ішінде шығармашылықпен айналысамыз деген азаматтар да аз емес. Оларды қолдау да мақсатқа сай деп есептейміз", - деді Мәулен Әшімбаев.
Жоба аясында әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылмақ. Бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімі 1 жарым жасқа дейін ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі сараланады. Оларға наградталған ана деген жаңа мәртебе берілмек.
Жаңалықтар
0