Ұлттық қордан тағы 800 млрд теңге алу жоспарланып отыр

© Sputnik / Владислав ВодневМонета, иллюстративті фото
Монета, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Үкімет 2023–2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын нақтылады. Соның аясында Ұлттық қордан әлеуметтік және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар үшін қосымша 800 млрд теңге нысаналы трансферт тарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында "2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, президенттің сайлауалды бағдарламасы мен қыркүйектегі жолдауын қамтамасыз ету бойынша үкімет алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылға арналған бюджет параметрлерін нақтылады.
"Ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылатын болады", - деді вице-министр сенат отырысында.
2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.
Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі.
Мысалы, биыл бюджет кірістері біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғаяды деп болжануда.
2023 жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтау ұсынылады.
"Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайды", - деді Омарбеков.
Жаңалықтар
0