Солтүстік Қазақстанда ревизор парамен ұсталды
© PhotoАрхивтегі фото
© Photo
Жазылу
Тексеру комиссиясының мүшесі мен халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бұрынғы басшысы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды, оларға жаза мерзімі мен миллиондаған айыппұл тағайындалады
ПЕТРОПАВЛ, 16 наурыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында тексеру комиссиясының мүшесі мен халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бұрынғы басшысы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды: бірі жеті жылға бас бостандығынан айырылды, екіншісіне екі миллион айыппұл тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі осы қылмыстық іс бойынша ұсынысты қарады.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі – 43 жастағы Талғат Кенжебаев 2021 жылдың қараша айында Айыртау әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мемлекеттік аудит жүргізген. Кенжебаев аудиторлық тексеру барысында мекеме қызметкерлерінің, оның ішінде директордың, оның орынбасарларының және бас бухгалтерінің еңбекақысын есептеу мен төлеуде бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, 2019 жылы мекеме директорына жалпы сомасы 400 мың теңгеден астам жалақы негізсіз есептеліп төленген.
Қазынашылықтан алынған үзінді көшірмелерге сәйкес, қызметкерлердің карта-шоттарына аударылған ақша төленетін жалақы, еңбек демалысы, сыйлықақы және тағы басқа сомадан бірнеше есе көп болған. Осылайша бас есепшіге жалпы сомасы 2,746 миллион теңге, есепші-экономистке жалпы сомасы 2,217 миллион теңге және тағы басқа қаражат негізсіз аударылған.
Алайда Кенжебаев бұл өрескел заң бұзушылықтардың барлығын аудиторлық есепте көрсетпей, осы үшін мекеме қызметкерлерінен 2,5 миллион теңге көлемінде материалдық сыйақы талап еткен.
"Тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікке тартылудан және заңсыз алынған соманың қайтарылудан қауіптеніп, мекеменің лауазымды тұлғалары тексеру комиссиясы мүшесінің талаптарымен келісіп, 2021 жылдың 19 қарашасында Орталықтың әкімшілік ғимаратында ақшаны Кенжебаевқа берген", - деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Бірақ ревизордың қулық әрекеттері мұнымен бітпеген.
Талон да алған
Талғат Кенжебаев Айыртау әлеуметтік қызмет көрсету орталығында пара алғаннан соң бірнеше күннен кейін Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жекелеген арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің тиімділігі бойынша мемлекеттік аудит тобына жалпы жетекшілік еткен. Аудит барысында мемлекеттік сатып алу кезінде шартты жеңілдіктерді дұрыс қолданбау, бухгалтерлік есептің негізгі құралдары туралы мәліметтерді дұрыс көрсетпеу және тағы басқа бірқатар заң бұзушылық анықталды.
"2021 жылдың 23 қарашасында Кенжебаев басқарма басшысы Алмаз Қошмановтың кабинетінде оған мемлекеттік аудит барысында анықталған көптеген заң бұзушылық туралы, ол үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіп, өзі осы әрекеттерге көз жұма қарағаны үшін Қошмановтан АИ-95 маркалы 300 литр бензинге талон түрінде материалдық сыйақы беруді талап етті", - деп жазылған сот үкімінде.
Қошманов аудитордың талабымен келіскенімен, жеке қаражатын талон сатып алуға жұмсағысы келмеді.
"Қошманов өзіне сеніп тапсырылған 400 литр АИ-95 маркалы бензинге арналған талонды алып, оның 300 литрін тексеру комиссиясының мүшесі Кенжебаевқа пара ретінде беру арқылы талан-тараж еткен. Ал қалған 100 литрін жеке қажеттіліктер үшін иемденіп алған", - деді Айдос Жүнісов.
Аталған фактілер бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Қылмыс пен жаза
2022 жылғы 23 желтоқсанда Петропавл қалалық сотының үкімімен Талғат Кенжебаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы (бірнеше рет пара алу) бойынша сотталды. Мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ параның мөлшерін құрайтын 2 565 940 теңге мемлекет кірісі ретінде тәркіленді.
"Дәл осы үкіммен басқарма басшысы Алмаз Қошманов өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену және пара бергені үшін кінәлі деп танылды және 1 978 200 теңгені құрайтын параның 30 еселенген мөлшерінде айыппұл төлеу және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Айдос Жүнісов.
Айыртау әлеуметтік қызмет көрсету орталығы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Олар қылмыс туралы өз еркімен хабарлап, алдын ала тергеуге үлес қосқаны, сонымен қатар Кенжебаевтың олардан пара бопсалағаны ескерілді.
"Бұл жағдайлар облыстық тексеру комиссиясының да, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының да беделіне кері әсерін тигізіп, азаматтар мен қоғам алдында мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне нұқсан келтіруде", - дейді ведомстводағылар.
Осыған байланысты, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді ұсынды.