Көлігін сатпақ болған жүзге жуық адам алданып қалды

© Photo : Thomas Breher Автокөлік кілті
Автокөлік кілті - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Елімізде жүзге жуық азамат темір тұлпарын жарнамамен сатуға шығарып, ерлі-зайыпты алаяқтардың арбауына түсті, деп хабарлады КТК.
Кепілдікте тұрған көліктерінің екі-үш айда несиесін жауып, өз атыма заңдастырамын деген айлакерлер сенімхат алып алады екен. Артынша ізім-ғайым жоғалып, машинаны үшінші адамға құжатсыз, қолма-қол ақшаға саудалайды дейді зардап шеккендер.
Осылайша не көлігін, не ақшасын ала алмаған жұрт қазір қарызға белшесінен батып отыр. Ал қарашаны қармағына түсіргендерге қатысты іс енді ғана қозғалып, іздестіру жұмысы басталды.
Ерлі-зайыпты алаяқтарға алданғанның бірі – Ақбота Қожагелдинова. Ол денсаулығына байланысты осыдан төрт жыл бұрын көлігін сатуға сайтқа шығарады. Ақшасы толық төленіп бітпеген көлік алаяқтардың көзіне бірден түсіпті. Сөйтіп түрлі желеумен қомақты қаражат екі-үш айда түсетінін айтып, өз атына заңдастыратынына сендірген. Сөйтіп қолындағы сенімхатпен ұшты-күйлі жоғалыпты. Содан бері не көлігі, не ақшасы жоқ.
"Күндіз-түні жұмыс істеп жатырмын. Бір емес, екі жұмыс істеп жатырмын. Биржада және былай бос уақытымда біреулердің еденін жуып, сол қарызымды жабудың амалы. 20 миллионды қалай жабамын? Тауып жатқан айлығымды, істеп жатқан жұмысымның бір тиынын көрмеймін. Ол тұрмақ баламның алып жатқан ақшасын да соған құйып жатырмын. Бүткіл шотым бұғатталған", - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ақбота Қожагелдинова.
Алаяқтар жоспар бойынша сайттан көлігі кепілдікте тұрған адамдарды арнайы іздеп табады. Сөйтіп көлік иесімен байланысқа шығып, қолына 500 мың мен миллион теңге аралығында ақша беріп алдаусыратады. Бір Алматының өзінде 20-ға жуық азамат алаяқтардың құрығына түсіп отыр.
"Екі-үш айдан кейін маған ақша түседі. Мен толық жабамын да, өз атыма аударып аламын. Маған жазып беретін сенімхат негізінде дейді. Сосын мен былай ойланып көремін. Екі-үш ай үлкен мерзім емес қой, жарайды деймін. Сөйтіп көлігімді беремін. Ол алып кетеді. Екі-үш айын төлейді. Болды, содан кейін төлемей қояды. Машина да жоқ, ақша да жоқ. Кредитті қазір өзім төлеп жүрмін. Айына 160 мың теңге", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Азамат Сәбитов.
Әккі айлакерлер Алматыдан алып кеткен көліктің көбін Астана қаласына апарып саудалаған көрінеді. Өйткені Елордада алданғандардың дені темір тұлпар сатқандар емес, сатып алғандар. Ол жақта да әккі қулар азаматтарға түрлі сылтаумен көлікті ғана тастап, ақшаны қолма-қол алып кеткен.
"Былтыр сәуір айында хабарлама бойынша көлік қарап жүрдім. Венера деген әйелмен телефон арқылы сөйлестім, техпаспортты қарағанда Рашитов Ринат Шаритович деп тұрды. Ол менің күйеуім деді. Өзінің күйеуі Кемел деген кісі екен, ал Рашитов Ринат сыбайласы, алаяқ болып шықты", - дейді Астана тұрғыны Руслан Каримов.
Ерлі-зайыптының құрығына өзге өңірлерде де алданғандар саны 60-қа жуық. Әзірге Алматы мен Астана қаласында екеуіне қатысты іс қозғалып, іздестіріліп жатыр.
"Қазақстан Қылмыстық кодесінің 190-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдіктіге іздеу жарияланды. Нотариус және процедураларға қатысқан барлық тұлға тергеуге алынды", - деп түсіндірді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полицейлердің айтуынша, алаяқтар Астана қаласының тұрғындары. Аталған бап бойынша олар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтар
0