Тоқаев сайлаудан кейін бірқатар тың бастаманы жария ететінін мәлімдеді

© Официальный сайт Президента КазахстанаМемлекет басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді
Мемлекет басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр, мемлекеттік органдар басшылары мен әкімдер қатысқан кеңесте сайлаудан кейін бірқатар тың бастаманы жария ететінін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент халықтың тұрмыс сапасын арттыру үкімет пен облыс әкімдерінің ең басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы азаматтарымыз елімізде оң өзгеріс болып жатқанын сезінуі қажеттігіне тоқталды. Ол үшін игі бастамалардың мән-маңызын халыққа ұдайы айтып отырған жөн.
"Біз тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол бермейміз. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет. Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін", - деді Тоқаев.
Президент бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет екенін бірнеше рет айтқанын еске салды. Оның пікірінше, заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады.
"Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады. Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастаманы ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін", – деп президент сөзін қорытындылады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларына азаматтармен өзара байланысты күшейтуді, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізуді тапсырды.
Кеңес барысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2023
Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады – Тоқаев
Жаңалықтар
0