Оралда төтенше жағдай жарияланды

© PhotoАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Оралда су тасқыны қаупіне байланысты жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлады "Мой город" порталы.
Еріген қар суы қаладағы жолдарды, тротуарларды, жеке үйлер мен көпқабатты үйлерді басып кеткен. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істесе де, қызыл судың бетін қайтаруға мұршасы болмай жатыр. Қазірдің өзінде 17 ғимарат су астында қалды, оның тоғызы мектеп пен спорт нысаны, қалғандары жеке үйлер.
Қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, жедел штаб қалада табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы шешім қабылдады.
"Су тасқыны топырақтың беткі қабаты қатып қалғандықтан болып жатыр. 12 наурызда Ысқырық тауы, Сарытау, Саратов тас жолы мен құс фабрикасын қызыл су басып қалды. Су сорғы техникалар мұндай ағынды жеңе алмайды. Су топыраққа сіңбейді, өйткені топырақ беті 1 метрге дейін қатып жатыр. Сарытау шағын ауданындағы су өткізу құбырындағы су тоқтап қалғандықтан Айтқұлов көшесіндегі жол учаскесі ашылды, әйтпесе жеке сектордағы үйлерді су басып қалар еді. Бірақ соған қарамастан, су көпқабатты үйлердің жертөлелерін басып кетті. Бұл - Мөңкеұлы көшесіндегі мыңдаған адам тұратын сегіз үй. Қауіпсіздік үшін олардың электр қуатын өшіруге тура келді. Біз қазір суды сорып, электр қуатын беру үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деп түсіндірді Жандос Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта каналдағы су көлемі азайды, алайда биік жерлерде әлі де ерімеген қар мен мұз бар, олар елді мекендерге қауіп төндіріп тұр. Қазіргі күні билік каналдардың жанында бөгеттер салдырып жатыр. Коммуналдық қызметтер мен құтқарушыларға әскери қызметшілер көмекке келді.
Сонымен қатар ауыз судың қысымын төмендету туралы шешім қабылданды. Жандос Дүйсенғалиев осыған байланысты жоғарғы қабатта тұратын тұрғындарға су жетпеуі мүмкін екенін ескертті.
"Кәріз желілері апатты жағдайда болғандықтан біз осылай істеуге мәжбүрміз. КНС-2, КНС-3, КНС-18-дегі ескі сорғылар судың үлкен көлеміне төтеп бере алмайды. Біз екі КСС жөндеуге конкурс өткіздік, мердігерлер анықталды және олар көктемде жұмысын бастайды. КНС-18 бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, келесі жылы жұмыстар басталады. Қайта жасалғаннан кейін қалада сумен қамтамасыз ету және су бұру проблемалары болмайды", - деп сендірді Дүйсенғалиев.
Сонымен қатар Шаған және Дерқұл өзендерінде су деңгейі көтерілген. Салдарынан саяжай учаскелерін су басу қаупі туып тұр. Айта кетері, бүгінде сегіз тұрғын үй су астында қалды. Жандос Дүйсенғалиев қызыл судың басуына іргетастың төмен деңгейі және аулалардан қардың уақтылы шығарылмауы себеп болғанын айтты.
Жаңалықтар
0